«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры Маңғыстау өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашу мен кәсіпкерліктің өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді. Бүгін Ақтау қаласында өткен «Маңғыстау облысының кәсіпкерлігін дамыту» атты конференцияда отандық өнім түрлерін көбейту және жергілікті қамтуды ұлғайтуға ықпал бағытында атқарылып жатқан шаруа туралы сөз болды. Алқалы жиын «Самұрық-Қазына» қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Маңғыстау облысының әкімдігі және «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ тарапынан ұйымдастырылды.
Бұл конференция маңғыстаулық кәсіпкерлер үшін аса қажет әрі маңызды шаралардың бірі. Жиында сөз алған «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС Бас директоры Мұрат Тұрғанбаев облыс бойынша Қор компанияларының сатып алу қажеттілігі биылғы жылы 486 млрд теңгені құрағанын атап өтті. Бұл ретте өткен жылы Қордың сатып алуларына Маңғыстау облысынан жалпы сомасы 350 млрд теңгеге 5 мыңнан астам компания қатысқанын айтқан жөн. Осыған орай, Мұрат Тұрғанбаев: «Отандық тауар өндірушілерін қолдау және жергілікті қамтуды дамыту «Самұрық-Қазына» Қорының стратегиялық міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл бағдарлама жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірілетін өнім түрлерін кеңейтуге және жергілікті қамтуды ұлғайтуға ықпал етеді. Осы жұмыстың барысында 2018-2022 жылдары 82 млрд теңгеден астам сомаға 240 оффтейк-келісімшарт жасалды. Бүгінде таза импорт тауарлары бойынша қажеттілік алдымыздағы 5 жылға шамамен 110 млрд теңгені құрап, 4,5 мың позицияны қамтиды», — деді.
Конференция барысында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аппаратының басшысы Бауыржан Оразғалиев, сондай-ақ «Қазмұнайгаз» АҚ сатып алу және жабдықтау департаментінің өкілі Бауыржан Ілиясов сөз сөйледі. Шара аясында Маңғыстау облысының әкімдігі, «Атамекен» ҰКП және «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС арасында үшжақты келісім, сондай-ақ оффтейк-келісімшарт жасалды. Осылайша тараптар ел ішіндегі құндылықты дамыту және импортты алмастыру саясатын іске асыру саласында бірлесе қызмет етуге уағдаласты.
Айқожа Абсадықов, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС талдау департаментінің сарапшысы:
«Бұл конференция кәсіпкерлерге арналған. 11 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу жүйесін жетілдіру, сатып алу жүйесінің ашықтығын арттырып, кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында бірқатар тапсырма берген болатын. Сол тапсырмаларды орындау аясында 1 сәуірден бастап, «Самұрық-Қазынада» жаңа сатып алу тәртібі енгізілді. Содан бері біз кәсіпкерлермен ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жаңа сатып алу тәртібінің моделі кәсіпкерлерді дамытуға арналған. Оның ішінде отандық тауар өндірушілерді, шағын және орта бизнесті дамытуға арналған 14-тен астам қолдау шаралары көзделген. Бұл конференцияның мақсаты – кәсіпкерлерге жаңа сатып алу моделінің қандай екенін, оның ішінде қандай шаралар қарастырылғанын, кәсіп жүргізу үшін қандай мүмкіндіктер бар екенін түсіндіру. Осы бағытта кәсіпкерлерге толығырақ түсінік бердік».
Айта кету керек, Маңғыстау облысы биылғы алғашқы жарты жылдықта өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінің саны бойынша оң динамика көрсетіп отыр. Облыс бойынша ШОБ саны 53 мыңнан 62 мыңға артты. Оның ішінде Жаңаөзен қаласында өткен жылда 7,5 мың ШОБ болса, биыл олардың саны 9,3 мыңға жетті. Мұндай өсім Үкіметтің 2021 жылы пандемия кезінде басталған дағдарысқа қарсы шаралар кешенімен, яғни экономиканың зардап шеккен секторларын несиелендіру, тексерулерге үш жылдық мораторий енгізуді жалғастыруымен байланысты. Сондай-ақ ШОБ және микрокәсіпкерлік субъектілеріне бару, экономиканың зардап шеккен секторларында ШОБ несиелерін төлеуді кейінге шегеру, «Жаңаөзен қаласында сатып алуды локализациялау» жобасына одан әрі қатысу үшін Жаңаөзен қаласында кәсіпкерлік субъектілерін тіркеумен байланысты болып отыр. Мәселен, Маңғыстау облысында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында соңғы 3,5 жылда мың жаңа жұмыс орны құрылып, жалпы сомасы 23 275 млн теңгеге 90 жобаға қолдау көрсетілді. Соның көмегімен 3 мыңдай жұмыс орны сақталды. Оның ішінде Жаңаөзен қаласында 188 жаңа жұмыс орны құрылды. 667 млн теңге сомасына 6 жобаға қолдау көрсетіліп, 65 жұмыс орны сақталды. Бұл осы бағдарлама бойынша қолдау тапқан жобалардың 7 пайызын ққұрайды.
Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2025» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 жыл ішінде 3 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылып, 142,7 млн теңгеге 3 мыңдай жобаға қолдау көрсетілді, 14 мың жұмыс орны сақталды. Жаңаөзен қаласында осы бағдарлама бойынша қолдау тапқан жобалардың жалпы санының 27,3 пайызын құрайды.
Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында биыл Маңғыстау облысында 47 жаңа жұмыс орнын құрылды. Құны 1 552,3 млн теңгеге 37 жобаға қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, «Нұр Капитал» өңірлік шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы аясында 5 жылда 1,2 мың жаңа жұмыс орнын құру арқылы жалпы сомасы 3,3 млн теңгеге 160 жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде Жаңаөзен қаласында 310 жаңа жұмыс орнын құрумен 1,7 млн теңгеге 47 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл «Нұр Капитал» бағдарламасы бойынша қолдау тапқан жобалардың жалпы санының 29,4 пайызын құрайды. Ел үкіметі Маңғыстау облысында жұмыспен қамту мәселесін шешуге, тұрғындарының қаржылық әл-ауқатын жақсартуға, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға ерекше басымдық беріп отыр.
Осы мәселеге қатысты пікірін білдірген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма мүшесі аппарат басшысы Бауыржан Оразғалиев: «Жаңаөзен қаласында кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру және жұмыс орындарын құру жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Жол картасын іске асыру нәтижесінде 700-ден астам жұмыссыздың ұзақ мерзімді жұмысқа орналасуы; 11 жаңа өндіріс ашу; агроөнеркәсіптік кешенді дамыту; жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілері санының артуы және басқа. шаралар көзделіп отыр. Жол картасын іске асыру аясында «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алу рәсімінде Жаңаөзендегі кәсіпкерлерге жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша қарсы міндеттемелер белгілеу құқығымен Жаңаөзен қаласында тіркелген тапсырыс берушілердің тендер тәсілімен ұзақ мерзімді тауарларды сатып алуды жүзеге асыруы туралы жеке регламент қарастырылған», — дейді.
Конференция аясында бірнеше семинар ұйымдастырылды. «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өкілдері сатып алу тәртібіне енгізілген жаңашылдықтар туралы жан-жақты түсініктеме берді. Олар отандық өндірушілерді қолдау құралдарын таныстырып, өнім берушілерді алдын ала біліктілікке іріктеу, импортты алмастыру, қор тізілімдеріне кіруге қатысты толық ақпарат ұсынылды. Сондай-ақ B2B «Сұрақ-Жауап» панельдік сессиясында сатып алу саласындағы түрлі сұрақтарға жауап берілді.
Айман Нұрмағанбет,
Ақтау қаласы