Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жекешелендіру нысандарын сатудан түскен қаржының қаншалықты Ұлттық қорға жіберіліп жатқанын Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтан сұрады, деп хабарлайды Вaq.kz.
“2017 жылы 108 млрд теңгеге 190 нысан сатылған. Жекешелендіруден түскен қаржының бәрі ұлттық қорға өтуі тиіс деп Елбасы бірнеше мәрте тапсырма берді. Ұлттық қорға 108 млрд теңге кетті ме? Әлде сатылған жерде қалып кетті ме?” — деп сұрады Премьер-министр.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов республикалық меншікте сатылған нысандар бойынша түскен барлық ақша Ұлттық қорға жіберілгенін айтты.
“Қаңтар айында тағы 5 млрд жіберіледі. Тиісті шешімдер, тиісті қаулылар бар. Ұлттық қормен проблема әлі бар. Ұлттық экономика министрлігі қазір Үкімет қаулысын дайындап жатыр. Ол мақұлданса, тағы шешімдер қабылданады”, — деді министр.
Бақытжан Сағынтаев министрге бұл Елбасының тапсырмасы екенін айтып, орындауды тапсырды.
Сонымен бірге Премьер-министр жекешелендіру бойынша, әсіресе, өңірлерде көптеген заң бұзушылықтар орын алатынын атап өтті.
“Бақылауда екенін айттыңыз, бірақ алдағы баяндамаларыңызда да дәл солай айтасыз. Ашық түрде мынадай өңірде, мынадай нысан деп жария түрде көрсетіңіз. Басқа да меxанизмді ойлап табу керек. Үнемі мониторинг беріңіз, бақылауға алыңыз деп айта берсек ештеңе өзгермейді”, — деді Бақытжан Сағынтаев.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов барлық мәлімет gosreestr.kz сайтында орналасқанын айтып ақталғаны сол еді, Премьер-министр оған жария түрде xалыққа көрсетуді тапсырды.
“Сіз көретін шығарсыз мүмкін, әкімдік көреді. Оны бәрі көруі тиіс. Адамдар оқитын сайттарға орналастырыңыз. Облыста жекешелендіру қалай жүріп жатыр, кімдер заң бұзып жатыр? Жария түрде көрсетіңіз”, — деді Бақытжан Сағынтаев.