Сәбит Қалдыбаев: Газеттің тұңғыш нөміріне бас мақаланы Ілияс Жансүгіров жазып берген

01 тамыз 2023, 13:29

Еліміздегі отандық бұқаралық ақпарат құралдарының жүргізіп отырған саясаты мен бағыт-бағдары мемлекеттің даму үдерісін аңғартады. Сондықтан да отандық БАҚ-ты, одан ары тарқатып айтқанда, салалық журналистиканы дамытуды қолға алу қарқынды жүзеге асырылып келеді. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының көшіне үзіндік үн қосуда аудандық газеттердің де арқалаған аманаты ауыр. Білдей бір ауданның тыныс-тіршілігінің жаршысы болып отырған басылымдардың жай-күйі кімді де бей-жай қалдырмасы анық. Салалық журналистикаға мерзімді басылымдарыдң қосар үлесі қаншалықты екендігі де аудандық газеттердің бетінде айқын көрініс табады. Түркістан облысы, Мақтаарал аудандық «Мақтаарал» газетнің бас редакторы Сәбит Қалдыбаевпен сұхбатымызда осы мәселелерді қамтыдық.

92 жылдық тарихы бар газеттің алғашқы нөмірін шығаруға қазақ поэзиясының құлагері атанған дүлділ ақын Ілияс Жансүгіровтің де сіңірген еңбегі ерен екенін мақтааралдықтар мақтанышпен айтады. Ақын Ілияс Жансүгіров «Еңбекші қазақ», бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет атқарып жүріп, Мақтаарал ауданына іссапармен келеді. Сол сапарында аудандық газеттің жаңа ашылған редакциясында болып алғашқы нөміріне бас мақаланы да жазып берген екен.

– Сәбит аға, салалық журналистика, одан бұрын отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бағыт-бағдары туралы өрбімек сұхбатымыз. Алғашқы сауалды тарихи оқиғадан бастасам деймін. Дүлділ ақын Ілияс Жансүгіров бүгінде сіз басшылық ететін газеттің алғашқы санын шығаруға көмек қолын созған екен. Осы жайында айтсаңыз. Сонымен бірге аудандық «Мақтаарал» газетінің тарихы сайтымыздың оқырмандарына қызық, газеттің 92 жылдан астам жылнамасына қысқаша тоқталып өтсеңіз. Қандай тұлғалар қызмет етті редакцияда?

— Дұрыс айтасың, расында да, біздің газетіміздің алғашқы нөмірін шығаруға Ілияс Жансүгіровтің де қосқан үлесі зор. Киелі қара шаңырақ Мақтаарал ауданының да баспасөз тарихы тереңде жатыр. Қолда бар деректерге қарағанда, 1931 жылдың көктемінде тұңғыш аудандық газет дүниеге келген. Газет алғашқы күннен «Мақтаарал» деген атауға бірден ие болған жоқ. Оның алғашқы редакторы болған талантты журналист Әділбай Омаров өзінің естелігінде «Мақташылар үні» газетінің бірінші нөмірін шығару оңай болмағанын жазады. Осы тұста Мырзашөлге іс-сапармен келген республикалық «Социалистік Қазақстан» (ол кездегі атауы – «Еңбекші Қазақ») газетінің қызметкері, қазақ әдебиетінің классигі, ақын Ілияс Жансүгіров аудандық газеттің алғашқы санын шығаруға ынта-ықыласымен қуана отырып көмек берген. Газеттің тұңғыш нөміріне бас мақаланы да өзі жазып берген. Осылайша халқымыздың дүлділ ақыны Ілияс Жансүгіровтің ақ тілек батасымен дүниеге келген аудандық газет заман ағымымен бірге дамып, өсіп-өркендеді. «Социалистік құрылыс», «Социалды Мақтаарал» деген басылымдардан бөлек, «За хлопок» деген дербес газет орыс тілінде шығып тұрды. Оның алғашқы редакторлары А.Ефремов, Туманов деген азаматтар еді. Алматыдағы республикалық орталық кітапханадан «Социалды Мақтаарал» газетінің 1931 жылғы 15 сәуірдегі №22 санын іздеп тапқан «Мақтаарал» газетінің бұрынғы бас редакторы Ж.Тілеуұлы (1997-2013 жылдардағы газет басшысы) бұл газеттің латын әрпімен екі тілде кішкентай форматпен шыққанын, 1941 жылы қазіргі әріпке көшіп, 1932 жылдан үлкен форматта шыға бастағанын айтады.

Газет 1963 жылға дейін қазақ және орыс тілінде төрт бет болып шығып тұрды. Осы кезеңдерде редакторлық қызметте Т.Мырзахметов, Ә.Саяқов, С.Пердебаев, Р.Сартаев, Б.Оспанов Ә.Қалқабаев, М.Ахметов, Б.Айдаров, Қ.Жаманшаев, Ә.Қоспанов, Т.Артемов, А.Ефремов, М.Әлжанов сынды құрметті ағаларымыз болды.
1965 жылы Киров, Мақтаарал, Жетісай үш аудан болып құрылған соң, әр ауданда газеттер ашылды. «Мақтаарал» газеті 1965 жылы жаз айында шықты. Одан бұрын үш аудан бөлінбей тұрғанда «Жетісай» деген атпен шығып тұрған басылымнан бөлінген жаңа газетке бас редактор болып, ҚазМУ-дың журналистика бөлімін бітіріп келген Кенжебай Бөгембаев бекітілді. Ол оның алдында Ташкент телеарнасындағы қазақша «Замандас» хабарын ұйымдастырған еді.
Ауданның бірінші хатшысы Жолдас Алханов аудандық газетке редакторлыққа Кенжебек Бөгембаевты лайықты, білікті маман болғандықтан шақырды. Ол кезде Жолдас Алханов аға әрі Өзбек КСР-інің Жоғары Кеңесінің депутаты болатын.

Газет алғаш ашылған кезде редактордың орынбасарлары – Имантай Ибраев пен Қарсыбай Батанов ағалар еді. Ілгеріде газеттің аты «Социалистік еңбек» деп аталатын, 1965 жылы газеттің атын «Мақтаарал» деп қою керек болды. Газет редакторы Кенжебай Бөгембаев ауданның 1-ші хатшысы Жолдас Алхановтың алдына кіріп, газеттің атын «Мақтаарал» деп қою туралы ұсыныс жасап, оны бюрода бекітуді сұрайды. Одан соң Кенжекең осы мәселе бойынша Сырдария обкомының хатшысы Мырзантай Үмбетаевтың алдына кіреді. Ол кезде үш аудан Өзбек КСР-нің құрамында болған. Ұсынысы қолдау тауып, газет «Мақтаарал» деп аталды. Содан көп ұзамай редакцияның мөрі мен штампысын дайындап әкелді. Артынша көп өтпей редакцияға Ташкенттен су жаңа 708-маркалы «Москвич» автокөлігін әперді.

Кенжебай Бөгембаев ақкөңіл, жайдары, көпшіл адам еді. Жұбайы Күлшай қонақжай, қолы ашық, бауырмашыл өте жақсы кісі. Күлшай жеті бала туып, тәрбиелеп, мектеп интернатта тәрбиеші болып істеді. Сол өзі істейтін интернаттағы Ербол деген жетім баланы өзіне 8-ші бала етіп асырап алды. Кейін Ерболды үйлендіріп, өз алдына үй етіп бөлек шығарды. Кенжекең Алматыға бірнеше рет барып жүріп баспахана үйін салуға қол жеткізді. Кенжебай Бөгембаев университетте қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков, Мырзатай Жолдасбековтермен бірге оқыған. Кенжебай аға «Мақтаарал» газетін 22 жыл басқарды.

– 93 жылдан астам тарихы бар газетте талай қасқалар еңбек сіңіргені белгілі.

— Иә, мұнда кілең талантты журналистер жұмыс істеді. Бірін атап, бірін ұмыт қалдырсақ, арымызға сын. Бұл газеттің жауапты хатшы қызметінде Қаратай Сәрсенбаев, Әмірхан Досмұратов, Мұхамедсафа Шылықов, Имантай Ибраев, Тәжіназар Шадықұлов, Уәлихан Мұсабеков, Жұмагүл Асабаева, Күдеріхан Торыбаев, Бекшүкір Каршалов, Қуаныш Ермекбаев, Ерсайын Жетпісбаев, Бота Жұматов, Жақсылық Сапаров, Нұрғали Қадырбаев, Жетпісбай Кершиев, Іңкәрбек Құрманбеков, Мұхтар Құралов, Қарсыбай Батанов, Ұлбике Әшірбаева, Боранбай Құдияров, Өсімхан Пістебеков, Дина Төлендібаева, Әбдіхалық Тегісбаев, Диқанбай Әбиев, Орынбай Мөрбеков, Әзімхан Құлбаев, Анарбай Қожымбетов, Сағит Ғалимов, Арыстан Кәршалов, Әшірбай Еркебаев, Батырхан Иманов, Сатым Өтебаев, Любовь Ивановна Пасова, Әмина Тамбетова, Бейбіт Бисенбаев, Сәтен Ауханова т.б. журналистер еңбек етті. К.Бөгенбаев ағамыз «Мақтаарал» газетіне 1987 жылдың наурыз айына дейін редакторлық етті. Одан соң бұл қызметке Білал Құлбеков келді. Ол 1997 жылы Мақтаарал, Жетісай, Асықата аудандары бірігіп, іріленген Мақтаарал ауданы құрылғанға дейін бас редактор болып жұмыс істеді.
1997 жылдың 13 маусымынан іріленген Мақтаарал ауданында «Мақтаарал» қоғамдық-саяси газеті шыға бастады. Газет редакторы болып бұған дейін республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінің меншікті тілшісі, Асықата аудандық «Шұғыла» газетінің бас редакторы, аудан әкімінің орынбасары болып істеген Жолбарыс Тілеуұлы бекітілді. Жолбарыс Тілеуұлы бұл қызметте 2013 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін үлкен абыроймен істеді. Аудандық газеттің 51 пайыз үлесі тендер бойынша «Экспресс-Медиа» ЖШС-не жекеменшік үлесіне берілген соң 2013 жылы қаңтардан бастап газет директоры — бас редакторы болып осы газетте редактордың орынбасары болып істеп келген мен жетекшілік еттім. Бұдан соң 2019 жылға дейін журналист Алтынбек Тастанбеков басшылық етіп келді. Бұл газеттің акциясы 2018 жылы шілдеде Жетісай ауданында аударылуы себепті, «Мақтаарал» газетінің атауы «Жаңа Жетісай» болып өзгерді. Елбасы Жарлығымен қайта қалпына келген Мақтаарал ауданында 2018 жылы 19 қазаннан бастап «Мақтаарал тынысы» газеті шыға бастады. Бұл газеттің директоры – бас редактор болып, «Мақтаарал» газетінің редакторын — мені бекітті.
«Мақтаарал» газеті 2021 жылдан бері аудан әкімдігінің сенімгерлік басқаруымен шығып келеді.

– Газет тарихын тереңнен қозғап айттыңыз. Ауданның үнжариясына айналған басылымның қазіргі тыныс-тіршілігі қандай, таралымы қанша?

– Жыл сайын мемлекеттік сатып алуға қатысып, бөлінген қаржыны ұтып аламыз. Газет таралымы 2019 жылы 2800 дана болса, қазір 2000-2300 дана болып шығып жатыр. Несін жасырайық, жылдан жылға оқырмандардың газетке ынтасы төмендеп барады. Осы мәселе жанымызға батудай-ақ батады.

– Редакция ұжымында қанша қызметкер жұмыс істейді?

– Редакцияда штаттық кестеге сәйкес 8 қызметкер жұмыс істейді. Атап айтар болсам: Директор-бас редактор өзімнен өзге, редактордың орынбасары Жалғас Адырбеков, жауапты хатшы Ұлжанат Исмайлова, бөлім меңгерушісі Қалмұрат Дәулетбаев, тілші-менеджер Олжас Қалдыбаев, фотожурналист Жұман Төребеков, дизайнер-газет беттеуші Зұлхымар Ділдәбек – декреттік демалыста, есепші Айнұр Тохатова.

– Аудандағы еңбек адамдары сынды елге үлгі тұлғаларды насихаттау бағытында қандай айдарларыңыз бар?

— Газетімізде – «Еңбегі елеулі жан», «Өнегелі өмір», «Еңбек адамы», «Есімі елге елеулі», «Ғибрат», «Кәсібің-нәсібің» айдарлары бар. Осы тұрақты айдарларымыз арқылы еңбек адамдарын аудан халқына үлгі етіп, игілікті істерін, қоғамға тигізіп жатқан шарапатын насихаттап жазамыз.

– Аудандық әкімдікпен газет арасындағы байланыс қандай, бірлесіп іс-шара өткізесіздер ме?

— 2021 жылы «Мақтаарал» газетінің 90 жылдығын өткізуге қатысты мерекелік іс-шараны өткізуге аудан әкімдігі барынша жәрдемдесті. Сондай-ақ аудан әкімшілігінің демеушілігімен «Сырға толы 90 жыл» деген түрлі-түсті журнал жарық көрді. Мұның барлығы да жергілікті атқарушы биліктің тікелей қолдау, көмегінің нәтижесінде жүзеге асырылды.

– Журналисті ынталандыру арқылы да қалам қуатын арттыруға болады. Редакция журналистері мүшәйра, басқа да сайыстарға қатысып тұра ма? Өзге аудандардағы газетте істейтін әріптестермен байланыс орнату жағы қалай?

– Бұл жағынан да мақтанып, ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз көп. Мысалы, жауапты хатшы, ақын Ұлжанат Исмайлова аудандық ақындар мүшәйрасының жүлдегері. Жас журналист әрі дизайнер Зұлхымар Ділдәбек — «Үздік жас журналист» номинациясының иегері. Өзім де газеттің бас редакторы ретінде ғана емес, облыстық қоғамдық-саяси «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Мақтаарал ауданы бойынша меншікті тілшісі қызметін қоса атқарғандықтан, облыстық газеттердің журналистерімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Бөлім меңгерушісі Қалмұрат Дәулетбаев та түрлі байқауларға тұрақты қатысуда және басқа да басылымдармен тығыз байланыста жұмыс істеп, жүлделі орындар мен марапаттарды иеленуде. Ол 2023 жылы «Отан сақшысы – Часовой Родины» газетіне 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Біз көрші аудандағы «Жаңа Жетісай», «Халық үміті», «Жетісай жаңалықтары», «Бекет» газеттеріндегі әріптестерімізбен ұдайы өзара тәжірибе алмасып тұрамыз. 28 маусым – БАҚ қызметкерлері күні мерекесінде Мақтаарал және Жетісай аудандарының журналистері «Біркөлік» аймағында 2 күн демалып қайттық.
Сонымен қатар біз аудандық ішкі саясат бөлімімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Газет редакторы мен қызметкерлеріміз аудан аудан әкімдігінің түрлі комиссияларының белсенді мүшесі.

– Жолдарыңызды қуып, іздеріңізді басауға талпынған, осы мәртебелі мамандық – журналистикаға қызығатын аудан жастарының шоғыры қалың ба?

— Ауданымызда журналистикаға қызығатын жастар жоқ емес, баршылық. Бірақ өкінішке орай, журналистика факультеттерінде оқып жатқан мақтааралдық жастар газетте емес, телеарнада жұмыс істеуге құштар. Олар үшін эфирден көріну маңызды. Саусақ сорып, қалың ойға қамалып, мақала жазуға соншалықты ықыласты емес.

– Кейінгі буын өкілдерін бақылап жүресіз бе? Жас журналистердің аяқ алысы қалай?

– Аудан журналистері «қартайып» барады. Қазір ең жас деген журналистеріміздің жасы 30-35 жасты құрап отыр. Көбі жекеменшік тәуелсіз газеттерде, «САНҰР» телеарнасында жұмыс істейді. Әрине, олардың да отандық бұқаралық ақпарат құралдарына қосып жатқан үлесі атқарған істерінен байқалады, әлеуметтік желіден де бағамдап отырамыз жастардың жазбаларын.

– «Шөп те өлең, шөңге де өлең» дегендей, блогерлік, сахнада жүргендер жүргізушілікке ұмтылуы журналист мамандығының беделін түсірмей ме?

– Меніңше, бұдан қорқудың қажеті жоқ. Менің ұғымымда блогерлер кәсіби журналистердің орнын баса алмайды. Жасыратыны жоқ, кейбір блогерлер жұртты үркітіп, қорқытуға әуестеніп алған. Мәселені терең зерттеп, оның түбіне жетудің орнына, өзіне пайда түсіретін жайға басымдық береді.

— Түркістан облысы құрылғалы даму динамикасы жоғарылауына, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына Мақтаарал ауданының да қосып жатқан үлесі қомақты. «Мақтаарал» газеті ауданның тыныс-тіршілігінің айнасы ретінде бұл жайттан да сырт қалмайтыны белгілі. Керісінше, аймақта болып жатқан жаңалықтарды аудан халқымен бөлісіп отыруға ықыласты. Редакция ұжымы осы үдеден шығып жүрген болар?

– Газетімізде тұрақты түрде ауданның тыныс-тіпшілігін, жағымды жаңалықтарды, орын алған проблемаларды дер кезінде оқырманға жеткізуге күш салып келеміз. Саясат, экономика, агросала, руханият, білім беру, спорт т.б. салаларды толық қамту — басты міндетіміз.

– 92 жылдық тарихы бар аудандық газет ұжымының алдағы уақыттағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Әр жылы газетке жаңа айдарлар ашып, оқырманның талап-тілегін, өтінішін ескеру — басты назарымызда. Алдағы кезде сараптамалық мақалаларды көптеп жазуды көздеп отырмыз. Интернет сайтымызға көлемді мақала, әңгіме, өлең т.б. жанрларда материалдар жариялайтын боламыз. Біз үшін әрбір оқырманның талап-тілегі, таным-талғамы — басты орында.

– Балыққа таяз судан терең оңай демекші, өзіңіз салалық журналистикада қай салаға қалам тартқанды көбірек қалайсыз?

– Ауданымыз аграрлы аудан болғандықтан, ауыл шаруашылығы, экономика, өндіріс тақырыбында көбірек қалам тартқанды қалаймын. Мақта, оны терең өңдеу, бақша өсіру, жылыжай, тамшылатып суару, мелиорация т.б. тақырыптар бойынша мақала жазып тұрамын. Өйткені жаңағы айтқан тақырыптар бізідң ауданымызбен тамырлас, сабақтас, біте қайнасып жатыр. Ауданның тіршілігі, даму динамикасы, өрлеу сатысы журналистердің қашанда назарынан тыс қалмайды.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет,
Мақтаарал ауданы

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді