jasqazaq.kz

Президент: Сербиямен достығымыз өзара сыйластық пен қолдауға негізделген

19 қараша 2024, 19:56

Жоғары деңгейдегі келіссөздерден кейін Қазақстан мен Сербия президенттері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап брифинг өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичке Белградқа ресми сапармен келуге шақырғаны және серб халқының қонақжайлық танытқаны үшін шынайы ризашылығын білдіріп, бұл сапарға айрықша мән беретінін атап өтті.
«Сербия – Қазақстанның Балқан түбегіндегі ниеттес әрі тілеулес сенімді серіктесі. Достығымыз өзара сыйластық пен қолдауға негізделген. Бүгінде берік әрі мазмұнды қарым-қатынасымыздың аясы кеңейіп келеді. Жаңа салалар бойынша ықпалдастық орната бастадық», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичпен нәтижелі және мазмұнды келіссөз жүргізгеніне тоқталды. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту бойынша бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілген.

«Біз инвестиция, өнеркәсіп, тау-кен, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларына баса мән беріп отырмыз. Инновация және жаңа технология бағытына ерекше назар аудардық. Өзара алыс-берістің көлемін арттыру үшін құзырлы органдарға нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма береміз. Қазақстан Сербияға өнеркәсіп, азық-түлік өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайын. Сербияның да қазақ еліне шығаратын өнімдері аз емес. Осы тұста қолда бар мүмкіндікті барынша пайдалануға уағдаластық. Бұған Үкіметаралық комиссияның белсенді қызметі серпін беруге тиіс. Сондай-ақ Іскерлік кеңестің жұмысын жандандыруға келістік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, өнеркәсіп, көлік-логистика, «жасыл» энергетикаға көшу салаларында, әскери өнеркәсіп кешенінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

«Қазақстан мен Сербия халықаралық және өңірлік деңгейде тығыз байланыс орнатқан. Көптеген өзекті мәселе бойынша ұстанымдарымыз – ортақ. Қазіргі геосаяси жағдай күрделі. Сол себепті, біз ықпалдастығымызды одан әрі күшейтуге мүдделі екенімізді растадық», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичті келесі жылы Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Сербия Президенті ауқымды мәселелер қозғалған бүгінгі келіссөздердің нәтижелі әрі мазмұнды сипатта өткенін жеткізіп, кездесулерге жоғары баға берді. Сондай-ақ мемлекеттер мен президенттер арасында өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнағанын ризашылықпен атап өтті.
«Қазақстан мен Сербия арасындағы достық халықтарымыздың ынтымақтастығымен ғана шектелмейді. Біз халықаралық ұйымдарда, соның ішінде БҰҰ аясында бір-бірімізге өзара қолдау көрсетеміз. Бүгін әртүрлі салада бірқатар келісімге қол жеткізілді. Соның негізінде екі елдің түпкілікті мүдделеріне сай келетін бірлескен жобалар жүзеге асырылатын болады. Мен досым, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сербиямен ықпалдастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін шынайы алғысымды айтамын», – деді Александр Вучич.

Брифинг соңында Сербия Президенті Астанаға сапарын асыға күтетінін және Мемлекет басшысын Белградта тағы да қарсы алуға дайын екенін жеткізді.

JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi

10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті
06 тамыз, 20:36
Алматыда көше және сәулеттік жарықтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады
05 тамыз, 12:34
Бала жанын түсіну – рухани жауапкершілік
31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ
31 шiлде, 14:48
Қолжетімді баспана – мемлекеттік тұрғын үй саясатының басым бағыты
31 шiлде, 12:19
Жетісайда мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші басты назарда