Көктайғақ пен қытымыр аязға қарамастан Павлодар облысының 363 оқушысы спартакиадаға келіп, өз бақтарын сынады. Спорттық іс-шара футзал, баскетбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат пен әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша өтті.
Ер балалар арасындағы футзал бойынша Кенжекөл ауылы үздік атанса, екінші орынға Павлодар аяқдопшылары қол жеткізді. Қатысушылардың тиянақты дайындалғанын атап өтпесе болмайды, алаңда нағыз қызу тартысты ойын орын алды. Қола жүлде Павлодар қаласының №25 мектебінің еншісінде.
Есесіне қалалық қыздар (№39 мектеп) баскетболдан алтын иеленді. Күміс жүлде Ақтоғай ауданында, қоланы Ақсулықтар місе тұтты.
Әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша Қашыр ауданы жеңіс тұғырынан көрініп, Шарбақты ауданы екінші орынға жайғасты. Ал құрметті үшінші орын Павлодарлық №17 мектеп қанжығасын майлады.
Шахмат нәтижелері: 1 орын – Бексұлтанов Диас (Павлодар, НЗМ), Жамишева Аяулым (Ақтоғай ауданы), 2 орын – Нетаев Мейрам (Ертіс ауданы), Мизанова Адина (Павлодар қаласы), 3 орын – Картаев Нартан (Павлодар қаласы), Қайратбек Мақпал (Лебяжі ауданы).
Тоғызқұмалақ: 1 орын – Сүлейменов Нұрсұлтан (Ақсу қаласы), Баяилдяшева Жамиля (Екібастұз қаласы), 2 орын – Жұмағали Сырымдат (Павлодар, НЗМ), Баяхмет Айдана (Ақсу), 3 орын – Сұлтан Бейбарыс (Павлодар), Әділханова Аружан (Павлодар).
Үстел теннисі: 1 орын — Андосов Сабыржан, Баканова Аймира (Ақсу қ.), 2 орын – Қуанышпаев Саид, Маер Айдана (Лебяжі ауданы), 3 орын – Қайнитденов Олжас (Ертіс ауданы), Қасымова Наргиз (Павлодар ауданы).
Естеріңізге салып өтейік, спартакиаданың іріктеу кезеңдері еліміздің барлық өңірлерінде өткізіледі. SportFEST Kazakhstan тобы Астана, Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Шымкент, Ақтау, Орал мен Атырау қалаларында болып қайтты, ендігі кезекте Ақтөбе облысы.
Жеңімпаздар 2018 жылдың жазында Балдәурен ойын-сауық кешенінде өтетін ақтық мәреге қатысады.
Іс-шаралар барысындағы суреттер мен толық ақпаратты www.sportfest.kz сайтынан көруге болады.