Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі қылмыстық процестердің артық жазалайтын тұстарын төмендетуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Мемлекет басшысы заңның үстемдігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күн тәртібінен түспейтінін атап өтті. Бұл бағытта Нұрсұлтан Назарбаев айтып өткендей, аз жұмыс жүргізілмеген. «Құқық қорғау құрылымдарының жұмысы үшін барлық жағдай жасалды, айлықтары көтерілді. Алайда құқық қорғау органдарына деген қоғамның сенімі әлі де төмендеу дейтіндей себептер бар. Осыған байланысты қылмыстық процестердің артық жазалайтын тұстарын төмендету мен оны гуманизмге қарай бағыттау бағдарын жалғастыра беру керек. Сіздер өздеріңіз Батыста қылмыстық істердің 80-90 пайызы бейбіт жолмен шешілетінін айтасыздар. Бізге неге олай етпеске? Бізде әйтеуір міндетті түрде ұстап алып, қамау керек. Ал мәселені басқа да жолмен шешуге болатын еді ғой», — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президент өз сөзінде құқық қорғау мен сот органдарының кадрлық құрамына қатаң талаптар қойылып келгенін атап өтті. Алдағы уақытта талап қою жалғаса бермек. «Олардың жұмысы сондай. Олардың абыройы, моральдық-әдептілік келбеті мінсіз болуы керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы табанды күресті жалғастыруға тиіспіз», — деді Мемлекет басшысы.