Өзекке тебу таланттарды тұсайды

20 тамыз 2021, 12:16

Қақсай-қақсай жағымыз талса да айтудан тынбаймыз. Токио жазғы Олимпиадасындағы сәтсіздік, спорттағы тоқырау туралы газетімізде үнемі жазып, оқырманды құлағдар етіп келеміз.

Токиоға барған тоқсаннан астам спортшының ішінен біз неге боксшылардан алабөтен алтын медаль күттік? Тәуелсіз ел есебінде біз жазғы Олимпиада ойындарына алты мәрте қатыссақ, боксшыларымыз ғана алтын медальмен оралу дәстүрін бұзбай келді. Халықтың қалыптап, жадында жатталып қалғандықтан да бокс спортынан бізге осы жолы да алтын медаль бұйыруы керек еді. Бәлені басқадан іздеп, жаланы жұртқа жаба берген де орынсыз. Таланттарымызды тұсап ұстау тәсілі өз ішімізде жүріп жатқан жоқ па? Мәселен, Назым Қызайбай. Қазақ спортының тарихында қыздар арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Әрі осы биігіне екінші мәрте шығып, екі дүркін әлем чемпионы мәртебесін алған ару. Әлемнің алты дүркін чемпионы, Лондон жазғы Олимпиадасының жүлдегері үндістандық Мэри Комды биыл көктемде есін екеу, түсін төртеу етіп ұтып, Азия чемпионы атанды. Қазақстан чемпионатының 10 дүркін чемпионы дегеніңіз он жыл бойы өзінің салмағында көш бастағанын білдіреді. 2016 жылы Рио жазғы Олимпиадасында Назымның жолы еді. Сан түрлі желеумен жігерін бөгеді. «Токионың төрі сенікі» деп сендірді. Жеме-жемге келгенде сөздерінен тайқып, уәдесін уатып шыға келді. Назым Қызайбай Олимпиада ойындарына не үшін бара алмағынын былай тарқатады: «Жанашыр жанкүйер ағайын «Неге Олимпиадаға қатыспадың?» деп жиі сұрайды. Менің арманым – Олимпиада ойындарының алтын медалін олжалау. Сол биікке шығу жолында қаншама жылдан бері тынбай еңбектеніп келемін. 2016 жылы бірінші лицензиялық турнирде түрлі шектеу болды. Одан кейін Елордамызда өткен әлем чемпионатында 51 келіде (олимпиадалық салмақ) жекпе-жекке салмай 48 келіге сырғытты. Айтар сылтауы «салмақ жеңіл, 51 келіге жетпейді» екен. 2016 жылы осылай шідерледі. Жақсы, ертеңнен үмітімді үзбей Токио Олимпиадасына әзірлікке кірістім. Зар күйімде, бабым кемел шағында еді. Қазақстан чемпионатында көш бастап, өз салмағымда қара үзсем де Азия құрлығы бойынша өткен лицензиялық турнирге 3-орын алған қызды жіберді. Жекпе-жекке салғанда сөзсіз жолдама алар едім. Өйткені Токиоға қатысқан қыздардың төрт-бесеуін еркін жеңгенмін жарыстарда».

Міне, біздің спорт саласындағы саясаттың салқыны осылай кесе-көлденеңдеп орасан кесірін тигізіп жатыр.

Адам ашынғанда даусы ащы шығады ғой, іштегі зарлы запыранның уыты жаман. Жалпы Назым Қызайбайдан жазғы Олимпиада ойындарын қызғану бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Нақтырақ айтқанда, 48 келіден салмағын арттырып, 51 келіге ауысқалы басынан қиқу кетер емес. Осы жылдың наурыз айында Түркияда халықаралық турнир өтті. Ширек финалда Назым Қызайбайды Үндістанның үлпілдек боксшысына көпе-көрнеу жығып берді. Белден басып, жеңісіңді тартып алғанға көндігу оңай ма, боксшы қыз төрешілер алдына бармай ма? «Өз адамдарың осылай ойнатуды тапсырып, жығып беруді жүктеді» деген жауап естіген. Оның алдында Болгариядағы турнирде де боксшы қыздың жолын бөгеп, қарсыласына жығып берді. Міне, осындай көзге көрінбейтін, сыртқа естіле бермейтін ішкі арпалыстардың ақыры таланттардың тағдырына сына қағып отыр.

Торқалы тоқсан жылдық мерейтойын халқы ел болып тойлауды асыға күтіп жүрген ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «күйгендіктен айтамын, сүйгендіктен» деп жырлағанындай, халық боксшыларын алабөтен жақсы көретіндіктен сын айтады, міні түзелсе деп. Бокс федерациясының вице-президенті, бокстан мемлекеттік жаттықтырушы, Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев ұлттық құрама мүшелері енді 80 пайызға жаңаратынын айтты. Жаңару, жаңғыру да тек құрама мүшелерінде ғана емес, жалпы қазақ спортына керек.

Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов «Астана» футбол клубының бюджетіне қатысты, футболшылардың алғанын ақтамай жүргенін айтты. Тұп-тура ақиқаты осы. Елордалық «Астана» сіз бен біздің салығымыздан түсетін қаражаттан жан бағатын клуб. Елдің басты көзір клубы саналып келген «Астананың» қатарына кірген легионерлер тым қымбат бағамен келеді. Жылдық бюджеті 30 миллион АҚШ долларына жетіп жығылатын клуб басшылығы вице-министр айтқандай база да, академия да салған жоқ. Қаржылық әлеуеті әлдеқайда зор саналатын клуб қазір қарызға белшеден батқан, шығын дегенің шаш етектен. Берешегін мемлекеттің қаржысынан өтеп тастауды көздеген клуб басшылары да жанталасып, жолдарын қарастырып жатқанға ұқсайды. Шеттен келген легионерлер ай сайын 60 мың еуроға дейін жалақы алады. Нәтижесі анау. Еліміздің клубтары еурокубоктық ойындардың іріктеуінде тырапай асып, ойсырай ұтылып жатады. Ұлттық құраманың қаусаған ойын деңгейі жөнінде айтылып та, жазылып та келеді.

Спорт – елдің ұстыны, спортшы – халықтың айнасы саналады. Сондықтан да бұл саланың қордалы мәселесін жүйелеу үшін мәдениеттен бөліп, жеке-дара құрылым құрылуы керек. Жауапты қызметтің тізгінін спортты сүйегіне дейін сіңірген жандарға ұстатқанда ғана ісіміз оңалады. Біз бұл тақырыпқа әлі де қайырыламыз. Спорт саласы мамандарының айтар уәжі болса, мархабат.

Қуаныш Рахмет

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады