Өзбекстанда шағын ғана Шақшам деген қазақ ауылы бар. Тау бөктерлей жатқан сол кенттің тұрғыны Дархан Хусанов өз үйін кәдімгі мұражайға айналдырған. Қарапайым радиомеханиктің қорында мыңға жуық құнды жәдігер тұр. Ол бұл заттарды жарты ғасыр бойы жинапты. Бір қызығы көне бұйымдардың басым бөлігі ауыл маңынан аршып алынған. Ашық аспанасты мұражайында тіпті үшінші ғасырларға тән қыш құмыралар бар. Бұл туралы Хабар 24 хабарлады.
Қоғам қайраткерінің ендігі арманы –бағзы замандардан сыр шертетін дүниелерді сақтайтын арнайы мұражай салу. Ашық аспанасты мұражайында қыш құмыралардан бастап мыстан жасалған бұйымдарға дейін бар. Қоладан құйылған ыдыстар мен көне заттардың бетіне салынған бедерлер және теңгедегі таңбалар жәдігерлердің қай заманға тиесілі екенін аңғартады. «Тіпті көне заттардың кейбірі «Сақ» дәуірінен қалған», – дейді коллекционер. Оны археологтар да дәлелдеп берген. Данияр Хусанов, қоғам қайраткері: – Бәйділла деген досымның үйін сүріп жатқанда, оныншы ғасырға тән шырақ табылды. Археолог шақырдық, 1992 жылы зерттеп берді. Бұл құмыра адамның бас сүйегімен бірге шықты. Сақ дәуірінде адамдар өмірден озған шағында ыдысқа тамақ құйып, бірге көмген екен. Қоғам қайраткерінің қолында мыңға жуық жәдігер бар. Бір қызығы оның басым бөлігі осы шағын ғана Шақшам ауылының маңынан табылған. Сан ғасырлар бойы жер астында жатса да жәдігерлердің сыны кетпеген. Тағы бір құнды зат – суағар құбыр жүйесі. Оны ауыл тұрғыны үйінің жертөлесінен қазып алыпты. «Бұл – бағзы заманда өмір сүрген халықтың тазалыққа жіті мән бергенін, яғни сол кездің өзінде өркениеттің дамығанын көрсетеді», – дейді ауылдағылар. Мұхан Ташметов, Шақшам ауылының тұрғыны: – Біз үй салып, жертөле қазып жатқанда, сол дәуірде де өркениеттің болғанын байқадық. Табылған заттар су жүйесінің құралдарына ұқсайды. Данияр Хусанов бұл іске 9 жасынан құмартқан екен. Бала күнгі арманымен ақыры тоқсаныншы жылдары ауылда алғашқы музей ашыпты. Ол жабылған соң өз үйін мұражайға айналдырған. Коллекционер әсіресе ұлттық қолөнер бұйымдарына ерекше мән береді. «Атам қазақ қыз-келіншектердің таққан алқа бұйымдарына қарап, жас ерекшелігін ажыратқан.Тіпті әйелінің қолында күмісі жоқ үйден ас ішпеген», – дейді ол. Данияр Хусанов, қоғам қайраткері: – Қазақтың зергерлік әшекей-бұйымдарын жас кезімде әжелеріміздің шашынан көрдім. Шашбау мен шолпының үлкен айырмашылығы бар. Шолпыны қыздар таққан. Шашбау тұрмысқа шыққанда, жұп болып жүрсін деп таққан. Негізі қолында сақинасы, білезігі жоқ адамдардың қолындағы тағам харам делінген. Күміс барлық микробтарды өлтіреді. Қоғам қайраткері бұдан бөлек шөптерден дәрі жасаумен де айналысады. Ұлы екеуі тау кезіп, емдік шөп жинайды. Атадан қанға сіңген қасиетті осылай дамытып жүр. Оның ендігі арманы – ауылдан музей салу. Өйткені қолда бар құнды дүнелерді сақтайтын жер жоқ. Данияр Баққараұлының елу жыл бойы тірнектеп жиған бұйымдары жеке мұражай қорын толтырып қана қоймай, бауырлас елдерге ортақ тарих пен ұлттық құндылықты дәріптеп, туризмді дамытуға негіз болмақ.