Өзбекстан: Энергетикалық прагматизм

31 шiлде 2023, 15:09

Алдағы қазан айында орыстың «көгілдір отыны» өзбек жеріне келе бастайды. Өзбекстан энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов пен «Газпром» компаниясының басшысы алексей миллер арасында өткен айда қол қойылған келісімшарт осыны көздейді. Қазақстан аумағы арқылы жеткізілетін газдың көлемі жария етілген жоқ. Дегенмен сарапшылар 2 млрд текше метр болуы мүмкін дейді. Есепқисап бойынша, қыс мезгілінде күнгейдегі көршімізге қосымша осынша мөлшерде «көгілдір отын» қажет. Әйтпесе, биылғы суықтағы дірдектеу, аулада от жағып, тамақ пісіру секілді келеңсіз көрініс тағы да қайталануы мүмкін.

Өзін ғана емес, өзгелерді де отынның осы түрімен қамтып келген Өзбекстан бүгінде қуат көзін сырттан іздейді. Бұған кеніштердегі бұрын таусылмастай көрінетін ырғын қордың сарқыла бастауы себеп. 90-шы жылдары елде өндірілетін «көгілдір отын» көлемі 70 млрд текше метрден асып жығылатын. Қазір 53 миллиард шамасында. Бұл аз емес. Ішкі нарыққа жетеді (47 млрд текше метр). Бірақ қытай мен қырғыздағы тұтынушыларға газ беру жөнінде ұзақ мерзімге міндеттеме алған. Уәдеден тайқысаң, қомақты айыппұл төлейсің. «Сенімсіз серіктес» дейтін жаман атағы тағы бар. Сондықтан тосын қадамға баруға тура келді. Энергетика саласын зерттеп жүрген білікті маман, «Man`o» Зерттеулер бастамасы орталығының директоры Бахтиер Эргашев таяу жылдары осы 50 миллиардтық меже сақталса, осының өзі үлкен жетістік деп есептейді.

Сарапшыға салсақ, таяу арада Сурхандария уәлаятындағы (облыс) «Тәуелсіздікке 25 жыл» сияқты ірі кеніштің табылуы екіталай. Бұған қоса, Арал теңізі маңында отынның мол қорына қатысты болжам да айқындала қойған жоқ. Бар. Бірақ күткендегідей емес. Газ саласындағы ахуал Өзбек елінің үкіметінен тың шешім қабылдауды, энергетикалық прагматизмге бет бұруды көкейкесті міндет ретінде талап етіп отыр. Әсіресе, тұрғындар мен өндіріске жарық пен жылу беретін жеткілікті әрі тұрақты қуат көзімен қамтамасыз етуде алдымен «көгілдір отынға» басымдық беру қажет. Мұның себебі мынада: елде өндірілетін электр энергиясының 80 пайыздан астамы осы газдан алынады. Энергетикадан сөз еткенде, барған сайын қарқын алған демографиялық өсімді де ұмытпаған жөн. Статистикаға жүгінсек, биыл Өзбекстан халқының саны 36 миллионнан асты. Салыстыру үшін айта кетейік, 2017 жылы көрсеткіш 29 миллион еді. Халық санының артуы қосымша қуат қорын қажет ететіні белгілі.

Рас, жаңғыртпалы энергия көздерін (ЖЭК), әсіресе, күн қызуын пайдалану бойынша бірқатар жобалар іске асырылып жатыр. Жалпы электр энергиясы өндірісіндегі оның үлесі 10 пайызға жетті. Салыстыру үшін айтсақ, бізде – 4,5 пайыз. Өзбектер бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 25 пайызға жеткізгісі келеді. Жергілікті сарапшыларының бәрі энергияның осы түрін қолдай бермейді. Тіпті оны «сенімсіз, ауа райының қас-қабағына қарайды, күн мен жел бар кезде жарық пен жылу аласың, жоқ болса, қағыласың» дейтіндер де бар. Олардың уәжіне жүгінсек, тек күндіз ғана қуат беріп, қараңғы түскенде доғаратын күн стансасының жұмысын өзге жүйеге ауыстырып отыруға тура келеді. Осындай тұжырымды алға тартқандардың бірі – біз әлгінде жүгінген Б. Эргашев. Оның айтуынша, ең сенімді қуат көзі – жыл мезгіліне, табиғаттың тосын мінезіне қарамай, тәулік бойы тоқтаусыз энергия беретін атом электр стансасы. Ол өз елінде салынуы жоспарланған АЭС-те реактор екі емес, төртеу болуы тиіс деп есептейді. Энергетика министрлігі мен «Газпром» арасында жасалған келісімді ғаламтордағы «жазғыштар» сан-саққа жүгіртіп жатыр.

Әсіресе, «Мәскеуге тәуелділік» туралы айтатындар көбейді. Батыс пен Ресей арасындағы текетірес өршіген сайын «Ахангаранцемент» зауытына салынған «санкцияның көкесі әлі алда» деп үрей туғызғысы келетіндер де бар. Ташкент саяси һәм ақпараттық қоқан-лоққыға қарамастан, мемлекет мүддесін, халықтың қиналмай, жайлы өмір сүруін, тіршілігі энергетикамен байланысты өнеркәсіптің ақсамауын бәрінен жоғары қойып отыр. Мақала басында әлгі келісімге сәйкес газ құбыры желісінің Қазақ даласы арқылы өтетінін айтып өттік. Жобаның іске асуына Еуропадағы алып нарықтан тықсырылған Ресей де мүдделі. Бізге де тиімді. Әсіресе, терістік көршіміздің еліміздің аумағы арқылы Қытайға «көгілдір отын» жеткізуді көздейтін құбыр салынса. Құрылысын «Газпром» қаржыландыратын осы күретамырдың бір тармағымен еліміздің солтүстігі пен шығысындағы жұрттың үйіне газ келер еді. Дейтұрғанмен, атам қазақтың «Кісідегінің кілті аспанда» дейтін нақылын ұмытпай, энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізуді ойлаған абзал. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде тауарлық газ өндірісі көлемін арттыру жөнінде тапсырма берген. Қоры 1 млрд текше метрді құрайтын Рожков кеніші жыл соңында іске қосылмақшы. Демек әлеует жеткілікті. Тек батыс пен елдің қалған аумағына «Сарыарқа» сияқты күретамыр тартылсын дейік.

Срайыл Смайыл,

экономикалық шолушы

Jas Qazaq газеті, 28.07.2023

30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары
30 қыркүйек, 16:04
Түркістан: Жастарға заңгерлік кеңес берілді
30 қыркүйек, 16:03
Түркістан: Қылмыс пен жаза
30 қыркүйек, 13:20
Түркістан: Полиция жастар мен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді
30 қыркүйек, 12:55
Назерке Тәнекеева: Қолдау бар. Тек тәуекел етіп, кәсіп бастау керек
29 қыркүйек, 22:52
Су үнемдеудің сәтті тәжірибесі
27 қыркүйек, 16:46
Түркістан: Жан-жақты іс-қимыл - мал ұрлығына тосқауыл