Қазақта «Адам маңдайға жазғанды көреді» деген сөз бар. Бірақ, меніңше «адам өз тағдырын өзі жасайды» деген дұрысырақ сияқты. Мұндай ойға өз басымнан өткерген жайларды салмақтай келе тіреліп отырмын. Өйткені, мен тыныш қана, жөніммен жүрген жерімнен өз отбасымның быт-шытын шығарған адаммын. Енді сол ақымақтығымның салдарынан далада қалып, қаңғыбастар қатарына қалай кіріп кеткенімді білмей қалған бейбақпын. Бұл туралы oqiga.kz сайты жазды.
…Қырықтың ортасынан асып, ердің жасы елу иек астынан көрінген кезім еді. Ауылдағы мектепте шаруашылық бөлімінің меңгерушісі болып тәп-тәуір қызмет атқарып жүргенмін. Мектептің ішкі жөндеу жұмыстарына байланысты тамыз айынан бастап қалаға жиі қатынайтын болдым. Жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтар алу үшін директорым да қалаға жиі жұмсайтын болды. Нақ сол кезде менің мектептің шаруашылық есептеріне қатысты қаржылық істерді жүргізетін бухгалтер келіншекпен көңілім жарасты.
Алғашында Мағираға жұмыс бабымен келіп жүргенде жай ғана қалжыңмен қағытып жүретінмін. Ол да аққұба жүзі алаулап, қарақат көздерін төңкере қарап ашық-жарқын пейіл білдіретін. Сөйтіп жүргенімізде ол мені түрлі қылықтарымен өзіне тарта бастады. Сөйлесе келе білгенім – ол күйеуінен ажырасқан келіншек екен. Менен он жас кішілігі бар. Көңіліміз жарасып, қалаға келген бір сапарымда екеуіміз бір кафеде оның туған күнін атап өттік. Сыртқы әріптес-қызметкерлер әрине, біздің қарым-қатынасымыздан ештеңе аңғарған жоқ. Дегенмен, туған күн отырысы кезінде мен бұрынғыдан батыл қимылдаңқырап, кешті де өзім жүргізіп, әншілік өнерім бар еді, ортаның көркін қыздырдым. Ақыры қонақтар тарады, мен Мағираны шығарып салдым. Дұрысы ол көлігімен мені өзінің үйіне алып келді. Не сиқыры барын қайдам, сол келіншек мені ақыры арбап алды. Сол туған күні өткен кештен кейін ол менің ауылдағы отбасымды тастап өзіне келуімді өтінді… Ал менің жоғары сыныпта оқитын бір ұл, бір қызым бар. Әйелім өзімен-өзі жүретін томаға-тұйықтау салмақты адам.
Қашанғы жасырайын, менің өмірімдегі өз «жаңалығымды» айтуыма тура келді. Менің жағдайым мектептегілерге де жетті. Шаруашылық жұмыстарына байланысты қалаға жұмсайтын директорым азаматтық танытып, аса дабыра қылмай, «завхоздықтан» өз өтінішіммен арыз жаздырып, шығарып тастады. Бірақ, оған Мағира туралы тіс жармадым. Өйткені, білім саласының бухгалтері болғандықтан, оның жұмысына кесірі тимеуін ойладым.
Мен бұдан кейін үйде көп бөгеле алмадым, тау қозғалса қозғалмайтын әйелім інілерін шақыртып қойған екен. Бірінен кейін бірі жағамнан жұлқылап, үйден айдап шықты.
Ауылдан иінім салбырап, мойныма су кетіп келген мені Мағира алғашында жылы қабақпен қарсы алды. «Бөрі арығын білдірмес» деп мен де отбасымдағы болған ұрыс-керіс туралы жақ ашпай, қайта бірге болатынымызды айтып қуантуға тырыстым. Бірақ, «қырсыққанда қымыран іріген» нағыз қиқу алда тұр екен. Бір досым арқылы тапқан кәсіпорындағы жұмысқа басқа адам алып қойыпты. Менің келе салып жұмыс тауып, екеуіміздің бас құрап кететінімізге сенімді күйде жүрген Мағира мұны естігенде нілдей бұзылды. Амал жоқ жұмыс іздестіруіме тура келді. Бірақ, жасы елуге келіп қалған маған «келе ғой» деп қабылдай қояр ешкім көрінбеді. Тығырыққа тірелгенде қайда барам, еріксіз Мағираның қолына кірген күніме шүкірлік етіп бір айдай жүріп қалдым….
Әдеттегідей жұмыстан келгенде әлденеге ашуланып келді ме, жоқ әлде, қайтсе де менен құтылудың қамын ойлады ма, босағадан кіре салқын қабақ танытты. Мағираның онысын елемегенсіп, жылы сөйлеп қасына бара беріп ем, кеудемнен кері итерді.
– Маған масыл болып отыратын еркек керек емес, – деді салған жерден. – Жолың әне, үйден кет. Сенсіз де таңым атып, күнім батқан…
Осылай деп ашу-ызасын лақ еткізіп сыртқа шығарған ол киімдерімді киіп жиналуыма ғана мұрша берді. Нақ сол сәтте мен оны мүлдем танымай қалдым, баяғы жайдары қабағы қарс түйіліп, ұшқын атып тұратын күлім көздері алайып тесіп жіберердей қарағанда, өзім де жерге кірер тесік таба алмай, есік сыртына бір-ақ шықтым…
Міне, сол күннен бастап менің ит тірлік кешіп жүргеніме бір жылдан асты. Адамды қара басайын десе оңай ғой. Қу нәпсі… шайтан азғырған әзәзіл әйел шаңырағымды шайқалтып жіберді. Бұрынғыдай үйге оралып, әйеліме баруға бет жоқ. Барған күнде балаларымның қабылдамайтыны айтпаса да түсінікті, ауылда жүретін абырой тағы жоқ. Өстіп бір-ақ күнде мен далада қалдым. Және оны өз қолыммен, өз ақымақтығыммен істедім.
Қазір қалт-құлт етіп бір қазандықтың қарауылы болып жүрген күніме ғана шүкіршілік айтамын. Қазандықтағы кезекшіліктен шыққан күні қаңғыбастарға қосылып ішіп кеткен кездерім де жиі болып тұрады…