Күнделікті әдетімізбен ұлым мен қызымды балабақшаға апара жатқан бетім. Балабақша Азия мен Еуропаны жалғап жатқан Атыраудағы көпірдің арғы бетінде болғандықтан, такси ұстаймыз. Жүргізуші аға әңгімешіл кісі екен, көлікке отырған беттен ұлымды сөйлетіп, сұрақтың астына ала бастады. «Атың кім? Кімнің баласысың? Өскенде кім боласың?» деп жатыр. Былай қарағанда, кез келген қазақтың баланы көргенде қоятын көп сұрағының бірі. Бірақ ұлым «Атым – Әлішер. Өскенде «Өрмекші адам» боламын» деген кезде, шыны керек, өзім не дерімді білмей қалдым. «Неге Толағай болмайсың? Ол тау көтереді ғой» дедім әңгімеге араласып. «Ол ұша алмайды, қолынан тор шығара алмайды» деп кесіп тастады балам.
Өзгеден бұрын өзіме аян. Менің балаларым таңнан кешке дейін телефонға үңіліп отыратындардың санатынан емес. Кейде балабақшадан ертерек алып, жұмысқа әкелген кезде ғана телефон қарайды. Онда да 15-20 минут. Бірақ, не құдіреті барын қайдам, таңдаулары міндетті түрде не мәні, не мағынасы жоқ әлгі өрмекші адамнан басталатын видеоларға түседі.
«Сақау» видео ерлеп тұр
Jony! Jony! Yes papa! Екі жастан асқан балалардың бәрінің аузында қазір осы ән жүр. Осы әнге жазылған уоutube желісіндегі дыбыссыз видео бүгінде мультфильмдердің орнын алмастыра бастады.
Бала біткеннің барлығы телефонның ішіне түсіп кететіндей болып үздіге қарайтын видеоға көз салсаңыз, не мағына, не мән таба алмай, дал боласыз. Кішкене жүгірмектер иә әкесінің, иә анасының жасырып қойған тәттілерін, сусындарын тығып жейді немесе тентектігін жасайды. Бірін-бірі қайталайтын видеоларда өзгеріп отыратын кейіпкерлер ғана. Кішкене баладан бастап, әйел болып киінген еркек, иә келіншектер мен ерлер.
Одан қалды Bad baby деп басталатын түсірілім хикаялары да балдырғандарымыздың Уоutube желісінен іздеп тауып алатын видеосына айналды. Онда «Өрмекші адамнан» бастап, су перісі сияқты түрлі кейіпкерлер бейнеленеді. Мұнда да шылғи «сақаулар» бірін-бірі ұрады, не тапаншамен атады, әйтеуір, мәнсіз қойылымдар музыка желісімен жалғаса береді. Ертегі тыңдау өз алдына, бүлдіршіндердің тәрбиелік мәні бар мультфильмнен гөрі, есерсоқтық пен қатыгездікке баулитын видеоларға қарай аңсары ауып тұруының себебі неде? Әлде балапандарымыз үшін лайықты мультфильм ұсына алмай отырмыз ба? Осы сұраққа жауап іздеген біз балаларға арналған телеарналарды шолып көрдік.
Аудармалар
Теледидар пультін өздігінен басқарып машықтанып алған балалардың дені, яғни мектеп жасындағылар қазір «Балапанды» ысырып қойып, Nickelodeon, СN, «Мульт» сияқты кабельдік арналарды қарайды. Таңертеңнен кешке дейін «Губка Бобқа» үздігіп отыратын балаларды кәдімгідей аяйсың. Өйткені біресе басы мыжылып, біресе денесі қирап, иә көзі шығып қалатын бас кейіпкер Губка Бобтан тәрбиеден гөрі қатыгездіктің белгісін көбірек байқайсыз. Үнемі келеңсіз жағдайдың ортасында жүретін Патриктің әрекеттерінде де ақылдан гөрі, ақымақтық басым. Ал бірін-бірі өлтіргіш құлтемір туралы әңгіме қозғаудың өзі артық.
Кішкентай көрермендерге арналған еліміздің бас арнасы «Балапан» қазақ тілінде «сөйлейтін» мультфильмдерді ұсынып келеді. «Питэр Пэн», «Дара және оның достары», «Көңілді көліктер», «Венди», «Хайди», «Жунгли кітабы» – тізім осылай жалғаса береді. Әйтсе де, тілі қазақша болса да, мұндай мультфильмдерді отандық өнім дей алмайсың.
Әлемге әйгілі «Уолт Дисней» киностудиясының танымал өнімдерінің бірі – «Питер Пэн» мультсериалы есеюді қаламайтын бала туралы. Ұшу қабілетін меңгерген Питер Пэн ғажайып әлемде мекендейді. Венди қыз бен жарылқаушы Сыңғыр фея – Питердің достары. Олар үнемі ғажайыптар әлемін теңіз қарақшыларынан құтқарып жүреді. Шотландиялық автор Жеймс Барридің пьесасының желісімен түсірілген мульттоптама кішкене көрермендерін ғажайыптар әлеміне жетелеп әкетеді.
«Дара және оның достары» мульттоптамасы – американдық режиссер Шери Поллак түсірген кассалық өнімдердің біріне айналды. Әлемнің әр түрлі еліне, тарихи орындарға, қалаларға саяхат жасайтын Дара қызықты мәліметтермен бөліседі. Әр сериясына 22 минут бөлінген фильмнің басынан аяғына дейін Дара балаларға түрлі сұрақ қояды. Сөйтіп жүріп, торға түскен құсты, ханшайымды, өзге де кейіпкерлерді құтқарып, бүлдіршіндерді осы арқылы қайырымдылыққа, ізгілікке тәрбиелейді.
Алпамыстан несі артық?
Бірақ жоғарыда аталған тізімдегілердің барлығы дерлік – шетел өнімдері. «Өрмекші адам» мен «Трансформерлер» туралы таңнан кешке дейін әңгімелеп беруге дайын балаларымыз қазақтың ертегілерінен қаншалықты хабардар? Қиын сұрақ.
Рас, «Балапан» арнасы қазір кішкентай көрермендері үшін «Әли мен Айя», «Балапан және оның достары», «Қошқар мен теке» сынды отандық мультфильмдерін жасап шығарды. Ауылдағы ата-әжесінің тәрбиесінде жүрген ағалы-қарындасты туралы баяндайтын «Әли мен Айя», достықты насихаттайтын «Балапан және оның достары», жануарлардың адам алдындағы достығы, жамандық пен жақсылықтың тартысы көрсетілетін «Қошқар мен теке» – тәп-тәуір өнімдер. Арасында «Астана» телеарнасынан көрсетіліп тұратын «Алдар көсе» анимациялық фильмін негізінен мектеп жасындағы балалар сүйсініп көреді. Алайда батырлар туралы әңгіме болғанда, сол баяғы «Өрмекші адам» мен роботтардың күшін алға тартатын балаларымызға есіл ерлеріміздің даңқын дәріптеуге не кедергі болып отыр? Ертегі жоқ дейін десек, «Ер Төстік», «Керқұла атты Кендебай» ертегілері, «Алпамыс батыр» сияқты жырлар тұнып тұр. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың ауыз әдебиеті дайын тұрған сюжет пен сценарийге толы. Бірақ, бірақ…
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы