Оралда ломбардқа қарақшылық шабуыл жасаған күдікті қамауға алынды.
Орал қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Бисеновтің айтуынша, Д.Қонаев атындағы шағынауданда орналасқан ломбардқа келген 1984 жылғы А. деген күдікті сондағы қызметкерді пышақпен қорқытып, 105 мың теңгені алып кеткен. Күдікті сенбі күні ұсталып, уақытша оқшаулау изоляторына қамалды. Ол қамалғанға дейін бірнеше рет қарақшылық шабуыл жасап, қаржы тартып алумен айналысқан. «Қазіргі кезде ҚР ҚК 191-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, А-ға төрт эпизод бойынша айып тағылып отыр. Тергеу амалдары жүргізілуде», — деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Н.Бисенов. Айта кетейік, қарақшылық шабуыл бейнекамераға түсіп қалған.