Еліміздің оңтүстік өңірі Шымкент пен Таразда жер сілкінісі сезілді. Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 764 шақырым жерде болған. «ҚР БҒМ ҒК СТӘЭ» ММ сейсмикалық станциялар желісі 2018 жылдың 9 мамырында 16 сағат 41 минут 50 секундта жер сілкінісін тіркеді.
Жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 764 шақырым жерде Ауғанстан мен Тәжікстан шекарасында екені анықталды», — деп хабарлады Руслан Иманқұлов. Сондай-ақ, ол жер сілкінісінің энергетикалық класы 14.5 болғанын нақтылады. ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілінің мәліметінше, жер сілкінісі Тараз бен Шымкентте 2-3 балл түрінде сезілген.