Ғаламторда Ақтау қаласындағы жасанды гүлдерден көмкерілген алаңқайдың қирандысы қызу талқыға түсті. Алдымен жұмсалған қаражатты есептеу ғадетіміз ғой, осыншама пластик гүлдерден жасанды гүлзар жасау ісіне жергілікті бюджеттен 15 миллион теңге бөлініпті.
Ерінбей есептеп көрсеңіз, аумағы үй орнындай ғана жасыл көгал бетіне «егілген» жасанды жауқазын гүлдерге осынша қаражат жұмсалады дегенге көңіліңіз аса сене қоймайды. Қанша ақша жұмсалғанын тиісті мекемелерге мемлекеттік сатып алу порталы бойынша ұтқан компания есебін берер.
Әрине, іске қосылмай жатып қираған гүл алқабы ақтаулықтардың ашуын туғызғаны заңды. Биылғы жаз Маңғыстаудың маң даласын асқан құрғақшылықпен қысты. Жауын жаумай, шөп шықпай, мал аштықтан қырылды. Шаруалар малға беруге болмайтын жасанды пластик гүлге құртқанша, сол қаражат жем-шөп алуға жұмсалса ғой деген базынасын да айтты. Халықтың салығынан түскен қаржы есебінен бөлінген ақша болған соң, елдің де ерекше назар аударатыны орынды.
Сырттан сәуегейлік танытып, тон пішпейік деп Ақтау қаласына қоңырау соқтық. Қала әкіміне де, орынбасарына да байланысқа шыққанымызбен, «жиында жүр» деді хатшылары. Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ерлан Сәркеновті сөзге тарттық. Амандық-саулықтан соң әңгіме ауанын түсінгеннен-ақ «бұл сұрақты тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығы бөліміне жолдаңыз, тапсырысты солар берді» деді.
Ақырында Ақтау қаласы тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Айбек Ербөлековтің мән-жайды білдік.
Jas qazaq: Ермек мырза, сізге қоғамда абың-гүбің әңгіме болып жатқан жасанды гүлдердің «өнбей жатып солуының» себебін сұрайық деп хабарласып отырмыз.
Айбек Ербөлеков: Айта беріңіз, тыңдап тұрмын.
Jas qazaq: Жасанды гүлдер қандай мақсатта орнатылған? Жалпы орнату жұмыстары толықтай атқарылды ма?
Айбек Ербөлеков: Бұл гүл алаңқайы Ақтаудың түнгі көрінісін абаттандыру мақсатында орнатылып жатыр. Түнгі декоративтік әсемдік, түнгі жарықтандыру бағытында іске асып жатқан жоба. Түнде өзгеше рең берген гүлдер, күндіз қызғалдаққа айналып, ақтаулықтардың және қала қонақтарының келіп, суретке түсетін, сейілдейтін орны болады деп жоспарланған.
Jas qazaq: Тапсырыс берген қай мекеме?
Айбек Ербөлеков: Тапсырыс беруші біздің қалалық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі.
Jas qazaq: Жасанды гүлдерді орнату жұмыстары қашан бітеді?
Айбек Ербөлеков: Мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша тапсырысты ұтып алған компания мамандары жұмысты әлі бітірген жоқ. Уақытында іске асырып жатыр. Тұрғындар жұмыстың сапасыздығын сынға алып, өз пікірлерін айтып, түсінбеушілік туындап отыр. Негізі бұл гүлдер сапасыз емес, орнатпай жатып сынып қалатын. Бұл адам қолымен жасалған бұзақылық деп есептейміз. Әйтпесе, гүлдің астына төселген жасанды кілемшені түретіндей, қадаулы гүлдерді құлатып кететіндей жел, боран Ақтауда болған жоқ.
Jas qazaq: Жасанды гүлмен көмкеріп абаттандыру жұмысына 15 миллион теңге жұмсалады екен. Мемлекеттік сатып алу конкурсында жобаны ұтып алған компанияның тәжірибесі бар ма? Жергілікті мекеме ме?
Айбек Ербөлеков: Жоқ, жергілікті мекеме емес, Алматы қаласындағы компания ұтып алды. Олар бұған дейін оңтүстік астанамызда да осындай абаттандыру, әсемдеу жұмыстарын жүргізген.
Jas qazaq: Жұмысты аяқтауға әлі де уақыт бар дедіңіз. Демек құлаған гүлдерді қайта қалпына келтіріп реттейді ғой.
Айбек Ербөлеков: Әрине, біз декоративтік кешенді қабылдап алғанда, атқарылған шаруаны жіті тексереміз. Келешекте күтімге алу, қарау кепілдік мерзімі біткеннен кейін бізге жүктеледі.
Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет