Көкшетауда қоршаудан секіріп өтпек болған 10 жасар бала үшкір темірге қадалып қалды. Қолын темір түйреп қан саулаған Мансұрды босатып алуға құтқарушылар шақырылды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Баланың қолын арматурадан аман алып шығу үшін құтқарушылар қатты ойланды. Өйткені электр құрылғыны пайдаланғандар шалт қиымылдаса, онсыз да қан сорғалап тұрған Мансұрдың қолын зақымдауы мүмкін. Ал алақанға қадалған темірді суырып алу мүмкін болмаған. Сондықтан құтқарушылар баланың қолының ашық жерін орамалмен орап, темірді ойып кесіп алды. Қадалған темір Мансұрдың қолында қалды. Олар осы күйінде жеткіншекті сол жерде күтіп тұрған жедел жәрдемге тапсырды.
Рүстем Мужупов, Ақмола облысы ТЖД бөлімше басшысы:
— Ести сала жеттік. Баланың оң қолынан қан сорғалап, қозғалмай тұр екен. Қоршаудың өзін кесуге тура келді. Бала өте шыдамды екен, қыңқ етпеді. Қайта бізге көмектесіп, құтқару операциясына ат салысты. Темірді ауруханада алып тастайды.