Жылда жетім балалар мен аз қамтылған отбасы балаларына жаңа жыл мерекесін ұйымдастырып беретін ақтөбелік депутат жанын тебіренткен ұмтылмастай оқиғаны айтып берді деп хабарлайды NUR.KZ.
«Оқиға екі жыл бұрын болды. Бұл жағдайды айтуды қаламаймын. Сіздердің оны қайдан естігендеріңізді білмеймін. Мен өзім сайланған округ тұрғындарына жылда жаңа жыл кешін ұйымдастырамын.
Аз қамтылған отбасы, жетім бала жəне мүгедек балалардың хатын мектеп арқылы алып, олардың тілегін орындауға тырысамын. Таңғы төртке дейін хат оқитын кездерім болады.
Бір оқушының хатын оқып көз жасымды тоқтата алмадым. Анасы қайтыс болған оқушы оның қайтып келуін сұраған. Шыршада мен оны оқып бердім. Сол оқиға бəрін тебірентті.
Біз ол балаға анасын қайтарып бере алмаймыз. Сондықтан планшет сатып алып, оған анасының суретін салдық. «Анаң үнемі сенің жаныңда, қолдаушың болады» деп ол баланы жұбаттық. Хатта: «Аяз ата, маған ештеңе керек емес, маған тек мамам қайтып келсінші» деп жазған,» — дейді депутат Күлшат Масалимова.
Депутат биыл да 150 адамды жаңа жылдық шыршаға шақырды. Мерекелік дастархан, жаңажылдық сыйлықтар дайындаған. Депутат домбыра сұраған мүгедек баланың да тілегін орындады.