jasqazaq.kz

Нұрболат Адырбек: Жалған ақпаратпен жұмылып күресуіміз керек

26 сәуiр 2023, 13:03

Менің пікірім

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жалған ақпарат пен адамның ой-санасын алдап-арбайтын өтірік хабарға тосқауыл қою қоғамда тұрақтылықты баянды етудің маңызды міндетіне айналды. Jas Qazaq-тың «Менің пікірім» айдары БАҚ майталмандарының осы тақырыпқа қатысты ой-пікірін ұсынады. Айдардың бүгінгі қонағы — белгілі журналист Нұрболат Адырбек.

«Қауіпсіздік мәселесі дегенде ең алдымен мына нәрсені айтар едім. Біздің еліміздің шекарасын қорғап тұрған әскеріміз бар. Шекарамыз мығым. Ал ақпараттық қауіпсіздік жағынан, бейнелі түрде айтқанда, шекарамыз ашық-шашық жатыр. Бұл біздің ішкі идеологиямыз бен сыртқы саясатымыздың осалдығынан емес, ақпаратқа немқұрайлы қарауымыздан. Өйткені әлеуметтік желіде таралған жаңалықтың кез келгені аяқ астынан қоғамдық пікір туғыза алады. Осылайша жалған ақпарат таратушылар діттеген мүддесіне жетеді. Ал қазір кейбір көрші мемлекеттер «ТикТок», Фейсбук сынды әлеуметтік желілерді пайдаланудан бас тартып жатыр. Олар әлеуметтік желі белең алған кезде ертерек қамданып, пайдалану шекарасын бекітіп алды.

Аз-кем статистикаға үңілсек, 2021-2022 жылдары дүние жүзіндегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарына деген халықтың сенімі 8 пайызға төмендепті. Әлем халқының 53 пайызы әлі де дәстүрлі БАҚ-қа сенеді. Дегенмен бұл 2021жылғы дерек. Қазір 2023 жыл. Одан бері бұл көрсеткіш біршама көтерілді деп ойлаймын.

Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі айтылған кезде фейкке қарсы күрес мәселесі қатар жүреді. Мысалы, Швеция елін алайық. Бұл ел осыдан екі жыл бұрын фейк ақпаратпен күресетін арнайы агенттік құрды. Бұл агенттіктің жұмысы швед елінің мүдделеріне қайшы келетін, қоғамды жаңылыстыратын жалған жаңалықтарды анықтап, талдап, тойтарыс беріп отырады. Бұл мәселеде олар «демократия, сөз бостандығы бұзылады» деген ұранға пысқырып та қарамайды. Олар үшін бірінші кезекте Швецияның ішкі идеологиясы, ішкі саясатының қауіпсіздігі маңызды. Дәл осындай әдіс Франция елінде де бар. Францияда жалған ақпаратпен күресетін агенттікті 2021 жылы құрды. Президент Эммануэль Макрон осындай қадамға барған кезде Францияда «азаматтық бостандыққа қауіп төндіреді» деген пікір айтылып, қарсы шыққандар болды. Бірақ француз билігі бұған қараған жоқ. Өйткені ең алдымен Францияның мүддесін күйттеуді жөн санады. Сондықтан біздің елімізге де осындай тәжірибе керек деп ойлаймын. Біздің елімізде «БАҚ туралы» заң қызу талқыланып жатыр. Міне, осы заңда фейк ақпаратпен күресу мәселесіне айрықша көрсетілуі керек. Ол жерде ең алдымен не айтылуы керек? Жалған ақпарат таратқандарды емес жазалаумен емес, жалған ақпараттың алдын алу мәселесі қаралуы керек. Одан бөлек, фейк ақпаратпен күресу бізде Парламентте әлсін-әлсін айтылып жүр. Коронавирус пандемиясы кезінде, бертін келе Қаңтар оқиғасы кезінде небір фейк ақпараттардың куәсі болдық. Әсіресе, осы жалған жаңалықтардың ең жанданған кезі пандемия кезеңі болды деп ойлаймын. Өйткені тек елімізде ғана емес, бүкіл әлем бойынша үрейлі ақпараттың түр-түрі тарап жатты. Өз елімізде де вирусты жоюдың сан түрлі әдістерін сипаттаған фейктер қаптады. Тіпті осы ақпараттарға сеніп денсаулығына зақым келтірген адамдар да болды. Сондықтан фейк ақпарат дегеніміз жәй ғана нәрсе емес. Оған қарсы бәріміз бірігіп күресуіміз керек. Өйткені ақпараттық қауіпсіздік дегеніміз — мемлекеттің де қауіпсіздігі. «БАҚ туралы» заң жәй ғана журналистердің құқығын қорғайтын заң емес, ол — біздің мемлекетіміздің мүддесін қорғайтын заң. Осы заң арқылы мемлекеттің идеологиясы мен құқығын қорғау деп түсінуіміз керек. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне келгенде айрықша мұқият болғанымыз жөн.

Одан бөлек, шынайы ақпаратқа қол жеткізу мәселесін де айтып өткім келеді. Біз мемлекеттік орындарға қандай да бір ақпараттың шынайы немесе шынайы емес екеніне көз жеткізу үшін сұрау тастаймыз. Ал оның жауабы бірнеше күннен кейін келеді. Оған дейін халық арасында күмән тудыратын ақпарат тарап үлгереді. Одан кейін ескіріп, маңызын жояды. Дегенмен наурыз айының басында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заңға түзетулер әзірленгенін айтқан болатын. Соған орай ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеген мемлекеттік органдардың жауапкершілігі күшейтіліп, журналистің сауалына жауап беру мерзімі 3-5 күн болып қысқарады. Мұндай қадам, әрине, ақпаратқа қолжетімділікті арттырып, журналистің жұмысын жеңілдететіні сөзсіз.

14 мамыр, 15:53
Ерғали Көшеке: Алматы облысында дінаралық татулық – тұрақтылық кепілі
14 мамыр, 14:15
Бижан Анарбеков: Расширение сферы применения государственного языка — наша общая задача
14 мамыр, 14:13
Туркестан: Продолжается модернизация систем электроснабжения и уличного освещения
14 мамыр, 14:11
В Туркестанской области продолжается модернизация систем водоснабжения
14 мамыр, 14:06
Туркестан: В Сайрамском районе развивается промышленное производство
14 мамыр, 13:44
Түркістан Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынылды
14 мамыр, 12:56
Туркестан: Активно реализуются проекты по развитию социальной инфраструктуры
14 мамыр, 12:54
В Туркестанской области растёт объём высокотехнологичной медицинской помощи
13 мамыр, 18:38
Туркестан: «Келешек мектептері» - школа нового формата