Нораға неге нарау қарадық?

05 тамыз 2022, 11:12

Осыдан төрт жыл бұрын қазақ жеріне Кениядан келген жеңіл атлет Нора Джеруто АҚШ-та өткен әлем чемпионатында 3000 метрге кедергі бағандар арқылы жүгіруде әлем чемпионы атанды.

Қош, Нораның жеңісіне жұрттың көбі жеңсік асын жегендей желпіне қойған жоқ. «Қара маржанның» қазақ даласында тумағаны, жат елден келгені көкейде тұрғандықтан да шығар.
Кенияның келіншектерінің алтын құрсағына тек желаяқтар бітетіндей. Жазғы Олимпиада ойындары болсын, әлем чемпионаты, әлемдік деңгейдегі лигалардың қорытындысын қарасаңыз, кениялық чемпиондардың жетістігі көзіңді қариды.

2017 жылы Нора Джеруто бастаған үш қыз Қазақстаннан шақырту алды. Дэйзи Джепкимэй, Каролин Кипкируи және осы Нора Джеруто ат арытып елімізге келді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына қоса, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті қызметін атқаратын Даниал Ахметов 2018 жылы осы қызметі қолына тиісімен Altay Athletics деп аталатын жеңіл атлетикамен кәсіби түрде шұғылданушылар клубын құрды.

Біз атаған үш ару да осы клубқа тіркеліп тұр. Айына шамамен 300-350 мың теңге көлемінде жалақы алып күн кешіп келеді. Халықаралық жеңіл атлетика ұйымының талап жарғысы бойынша, бір елден екінші мемлекетке қоныс аударып, сол елдің азаматтығын алған жеңіл атлет 4 жыл бойы «көгенде тұрады». Өйткені әлемдік жеңіл атлетика федерациясы өзге елдің атынан сынға түсуге бел байлаған желаяққа төрт жыл шектеу мерзімін кеседі. Осынау мерзімді өтеген Нора бастаған сіңбе спортшыларымыз биыл алғаш рет әлемнің алдында жүгіріп, әлем чемпионы атанды. Тәуелсіз қазақ елінің тарихында, тіпті әріден қамтысақ, қазақ желаяқтарының уысына ұстатпай, жалына қол тигізбей келе жатқан әлем чемпионатының алтынын Нора Джеруто алып беріп отыр. Кезінде өздерінің ұлттық құрамасынан орын бермеген Кения мемлекеті өз қыздарының өзге елдің туын көтеріп, әнұранын шырқатып алтын медаль олжалағанына қылшығы да қисаймайды. Өйткені бұл мемлекетте бүгін егіз бала өмірге келсе, соның әйтеуір біреуі желаяқ атанады. Демек қаншама Норалар өмір есігін ашып, әлі де алтын жүлде жалғаса береді.

Қайбір жылы белгілі тарихшы, этнограф, Атырау университетін 10 жыл басқарып, институтқа университет мәртебесін әперіп, іргесін нығайтқан Хисмет Табылдиевтың шаңырағында әйгілі желаяқ Әмин Тұяқовпен әңгіме өзегі осы жеңіл атлетика арнасына қарай ойысып еді. Сұрақ қоюшылар КСРО рекордын жаңартып, алдына қара түсірмей, дара келіп жүрсе де, жазғы Олимпиада ойындарына қасақана қатыстырылмай жолы жабылған Әмин ағаны тыңдап отырмыз. «Біздің жүгірген шағымызда трасса табанға қатты бататын. Қаттылығы сондай, екі бүйрегің солқылдап кетеді. Қазір бәрі жаңарған, заман талабына сай технологиямен төселген жабындының үстінде жүгіреді. Болам деген баланың белін буатын заман, біздегідей бетін қағатын емес», – деп еді Әмин Тұяқов.

АҚШ-тың Юджин қаласында өткен әлем чемпионатында Нора Джеруто әлем чемпионы атанғанда Эфиопия елінің қос бірдей аруы Верхука Гетачью – күміс, Мекидес Абебе қола жүлдені қанжығалады. Қарсыластарынан құрық тастам озық келген Джерутоның жеңісі де сөз жоқ, үлкен еңбек. Бірақ Кениядан келген «қазақстандық» атлеттің абыройлы алтын медалі мен әлем чемпионы атағына көпшілік неге нарау қарады? Бөркін аспанға ата қуана қоймады. Өйткені қазақ даласы 1996 жылы қанынан қараулық тауып, допинг дауына байлап, кәсіби спорттан екі жыл шеттеткеніне қарамастан, Сидней жазғы Олимпиадасында (2000) алтын медаль алған Ольга Шишигинаны тудырды. Өскеменде туып, 2012 жылы Лондон Олимпиадасында чемпион атанған Ольга Рыпакованы өсіріп шығарды.

Иә, шеттен спортшы шақыртып, жылт етпе жетістікке масайрап, мастануды біз әбден меңгеріп алдық. Кезінде Қытай мен Ресейден, Әзірбайжаннан әкелген ауыр атлеттеріміз Олимпиада ойындарында алтынды арқыратып тұрып алмап па еді. Кейін бәрі допинг дауына шатылып, мойнынан медальдарын сыпырып берген жоқ па?! Бір жылдары еркін күрес құрамасында Қап тауының спортшылары жүрді. Сырттан келген спортшылар еліміздің спортын ұшпаққа шығарды деп айта аламыз ба? Рас, олар келді. Еңбекақысын алды, ақша тапты. Қандай жарысқа салсақ та, жүлде алып берді. Бұл «Қазақ елі қанша медаль алды» деген сауалға ғана тұшымды жауап болды. Ал ел спортының көшін өрге тартты деп айтуға ешқандай да негіз жоқ.

Қыр астында Париж жазғы Олимпиадасы тұр. Нора бастаған қара қыздар медаль алып берер, мерейімізді тасытар. Қазақ спорты үшін қиырдағы Қатонқарағайдан, Маңғыстаудың маң даласынан, болмаса Баянауылдың баурайынан, оларды алыссынсақ, Алматының айналасынан-ақ жүгіргенде жағасын жел көтеретін желаяқтарды тауып, баулып биікке шығару, солардың жетістігімен мақтану әлдеқайда олжа, әлдеқайда алға басу саналар еді. Содан кейін ғой, Нораның алтын медалі мен әлем чемпионы деген атағына соншалықты елп ете қоймағанымыз.

Қуаныш Рахмет

Бүгін, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды