«Пари Сен-Жермен» және Бразилия құрамасының шабуылшысы Неймар бұған дейін өнер көрсеткен «Барселона» клубын сотқа берді. Оған «Барселонаның» 2016 жылы клубпен келісімшартын ұзартқаны үшін Неймарға сыйақының екінші жартысын төлемеуі себеп болған.
Келісімшарт бойынша сома бразилиялық шабуылшының есепшотына екі бөлініп түсуі керек болған. Бірақ екінші транш бразилиялықтың «ПСЖ» сапына ауысқаны үшін түспеген. Неймар осы үшін де 30 миллион еуро сыйақысынан қағылыпты. Оның айтуынша, каталониялық клуб бұл сыйақыны төлемей қоюға негіз болмапты. Өз кезегінде «Барселона» сыйақыны төлеп бермейтінін айтады. Себебі Неймар «ПСЖ» сапына ауысуы үшін келісімшартты өзі бұзған. Каталониялық клуб сол үшін де 75 миллион еуро шығынға батып, Неймарға қарсы шағым білдірген. БАҚ мәліметі бойынша, бразилиялық шабуылшы жаңа клубы сапында өзін ыңғайсыз сезінеді екен. Сондықтан да Неймар жазда «Реал» сапына ауысуы мүмкін деген мәлімет бар. Ол үшін шабуылшы аз жалақы алуға да дайын екен.