Мынаған қараудың өзі қиын. Бүтін бір отбасының тағдыры жатыр мұның артында. Алматыда отбасыны күштеп пәтерінен шығармақ болған полицейлердің басы бәлеге қалды. Тағы да сол пәтер дауы.
Тағы да сол пәтерден тарыққан қазақ. Үйіне баса-көктеп кірген полицейлер мен сот орындаушыларына қарсы шыққан жалғызбасты-ана шарасы қалмағандықтан әлгілерге пышақ ала жүгіріпті. Жұлдызай Андасбаеваның бесіктен белі шықпаған екі баласы бар. Жалғыз үйінен басқа дәнеңесі жоқ.
Алайда жүрексіз полицейлер жоғарыдан түскен бұйрықты орындауға келгенін айтып, Жұлдызайды екі баласымен бірге үйден шығаратынын айтады. Есікті бұзып кірген әлгілерге жалғызбасты ана пышақ ала жүгіріпті.
Жұлдызайдың айтуынша, пәтерді осыдан 11 жыл бұрын «Халық банкінің» ипотекасы арқылы сатып алған. Алайда кейіннен банк қызметкері хабарласып, несиені төлеу кестесі жаңадан жасалып жатқанын осы себепті төлемді уақытша тоқтата тұруын өтінген екен. Банктің пәтерді сатуға қойғанын Жұлдызай кейін бір-ақ білген. Банк үйді сатып та жіберген. Баспананың жаңа иелері сатып алған үйлеріне қоныстана алмай жүргеніне төртінші жыл болыпты.
Айтпақшы, пәтерді делдал арқылы алғанын Жұлдызайдың өзі де мойындап отыр. Айтуынша, алыпсатарға алданып қалуы әбден мүмкін. Сол себепті пәтерді босатып берер түрі жоқ. «Екі баламмен мына заманда қайда барамын?» дейді ол. Ал есікті бұзып пәтерге баса-көктеп кірген полицейлердің бұл жолғы әрекетінен түк шықпады. Олар енді екі күннен кейін қайтып оралмақшы.