Не деген ақша!

08 шiлде 2022, 11:37

Қу тіршілік-ай десеңші. Отағасының айлығы жетпеген соң Әлима бір жағынан септесейін деп бауырсақ, самса пісіруді қолға алған. Оны қаладағы бір таныс келіншекке апарып өткізеді. Бір кило бауырсақ пен әр самсаның белгіленген бағасы бар.

Мейрам қарсаңында тапсырыс тіпті көбейеді. Осы күннің қыз-қырқыны үйінде ештеңе пісірмейтін болған ба, қонақ шақырса да «тәте, дәу бауырсақ пісіріп беріңізші», «ұсақ бауырсақ пісіріп беріңізші» деп қылқиып келеді де тұрады. Оған Әлима қуанбаса, ренжімейді. Теңгелеп болса да, әйтеуір, табыс қой. Күнделікті шай-пайын ажыратқанына мәз. Бірақ күнде ыстық пештің қасында тікеден-тік тұрып бауырсақ пісіру оңай ма? 300-400 самса (кейде одан да көп) жасайтын күндерді айтсашы, кешке қарай мойны қақайып, белден бел қалмайды. Осы кәсібін сүйретіп келе жатқанына бес жылдан асыпты. Шаршайды, жалығады. Бірақ, амал жоқ, «тағы бір күн, екі күн, қамытыңды сүйрей бер» деп Скарлет О`Хара туралы кітаптағыдай өзін-өзі қамшылап қояды.

Арасында дамылдап алу үшін телефонға шұқшиып жаңалық оқиды. Өткенде «Алматы әкімдігі пәлен деген әрістердің концертін өткізуге 220 миллион теңге қаржы бөліпті» дегенді оқып шегін бір тартып қалды. 220 миллион тұрмақ, 200 мың теңгені тұтас қолына ұстап көрмеген Әлима «Не деген ақша!» деп таңдайын тақ еткізді.

«Ғайыптан-ғайып, 200 демей-ақ қояйын, біреу 20 миллион әкеліп берсе, қайда жұмсар едім» деп құлагер қиялы кетті дейсің шарықтап. Күнкөрістің қамымен қалада жұмыс істейтін қызына үй әперер еді-ау. Жүргенінен тұрғаны көп ескі мәшинені жаңартар ма еді. Ибай, қазір үй де қымбат, мәшине де қымбат, оның бәріне 20 миллион жетпейді екен-ау. Құдды біреу 20 миллионды әкеп бергендей азсынып қалады. «Ақымақ басым, жас кезде тәп-тәуір дауысым бар еді, неге әнші болмадым екен деп өзіне-өзі кейіп, сонымен тыныш тапты. «Әншілік менің не теңім» деп қайтадан нан илеуге кіріскен.

Жексенбі күні таңғы шайын енді аузына ала беріп еді, демалысқа келіп жатқан студент баласы «Мә-ә, пәленше деген блогер 50 миллион теңге бопсалап, ұсталыпты» деп… шайға шашалтты. Басқа жаңалық құрып қалғандай, осы жүгермектің оқымайтын бәлесі жоқ. Неғылған 50 миллион ол? Шәй қалды жайына. Өткенде ғана оңтүстік өңірде бір блогер жыртылған ту үшін шенеуніктердің екі аяғын бір етікке тығып, 500 мың теңге бопсалағанын оқып еді. Бұл блогер дегеннің араны жыл емес, күн санап ашылып бара ма?

«50 миллион теңге табу үшін неше кило бауырсақ пен самса пісіруім керек әй» деп баласына есептетіп көріп еді, есептің ұшығына жете алмай болдырып қалды. Жылына мына кәсібінен бір миллион да таппайды екен. Тіпті бір миллион деп есептегеннің өзінде 50 жыл керек. Мұның жасы 60-қа келіп қалды. Сонда 110 жасқа жеткенше қалт-құлт етіп самса пісіре ме?
Содан «Не деген ақша!» деп бар өшін қамырдан алды.

Ақша демекші, осы жұрт қаржы пирамидасына өз қолымен апарып беретін ақшаны қайдан алады екен? Былтыр атың өшкір «Гарант24 Ломбардқа» салған 30 миллиард теңге де сол өзі сияқты жұмыр басты пенделердікі емес пе? Көшенің басында тұратын Мәриям деген келіншек «бір туысым 2 миллион салыпты, маған қарызға бермей қойып еді» деп кіжініп еді. Сол кезде «Менде 2 миллион болса, еселеп алайын деп салар ма едім» деп ойланып қалған.

300 самсаны алып, автобуста кетіп бара жатып ойлады: «Аш құлақтан, тыныш құлақ. Блогер болып 50 миллионмен ұсталсам, қайтер едім?».

«Не деген ақша!» деп таңдайын тақ еткізді.

Гүлнар Ахметова

Бүгін, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
Бүгін, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды
11 сәуiр, 15:25
Түркістан полициясы жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді
11 сәуiр, 15:02
Түркістан: Полиция ұрлық жасағандарды жылдам табады