Бүгін Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада «Наурыз мейрамын жаңа сипатта атап өтудің мәні» атты тақырыпта жиын өтті. Басқосудың басты мақсаты — Ұлыстың ұлы күнін жаңа тұрпаттағы жалпыхалықтық мерекеге айналдыру. Ұлттың ауызбіршілігін нығайтып, ұмытыла бастаған қазақылық қасиеттерімізді қайта тірілту.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қалалық Мәдениет және архивтер басқармасы өкілдері, сондай-ақ, елімізге белгілі тарихшы, этнограф ғалымдар қатысып, ой бөлісті.
Жиынды өткізуге ұйытқы болған «Түркістан» газетінің бас редакторы Жаңабек Шағатай барлық қонақтарды келе жатқан Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Оның айтуынша, Наурыз мерекесі ең үлкен ұлттық мейрам болғандықтан ерекше атап өтілуі тиіс. «Наурыздың халықтық сипатын қалыптастыра алмай отырмыз. Бірізділік жоқ. Мысалы, Қытай халқының жаңа жылдары 1 ай тойланады. Ал бізде таңертен сағат 10 да барып, түстен кейін жұрт шаршап келеді. Әр өңірде әртүрлі өткізіледі. Дегенмен ортақ бір идеяға негізделген ұстаным жоқ. Осыны реттеуіміз керек. Өйткені бұл бәріміздің басымызды біріктіретін дүбірлі той»- деді Ж.Шағатай.
Сонымен қатар, белгілі ақын Қасымхан Бегмановта қазақтың ұлтық мейрамына қатысты өз ұсынысын ортаға салды. Ол көрісу мерекесін –халықтық дәрежеге көтеру керек дегенді қос қолдап қолдайтынын жеткізді. Бұған қоса, төл мерекеміз наурызды бір жүйеге түсіріп, жеті санының қасиеттілігіне ерекше тоқталды. Тіпті Наурыз көжені жеті түрлі дақылдан дайындайтындықтан, Ұлыстың ұлы күні 7 күн тойланса екен деген ой тастады.
jasqazaq.kz