
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев қоғамдық ұйымдардың жұмысына қатысты
Үкімет басшысына сауал жолдады.
Онда былай делінген:
«Бүгінгі депутаттық сауалым: қоғамдық ұйымдардың ат сүрініп болғанша ақыл тапқан ағайынның қарынын ашырып, қадірін қашырмауын мақсат етеді. Мәселе: мәселені мақұлмен емес ақылмен шешуі тиіс билер институты хақында. Бұрын «қап салмағы дәнінде, сөз салмағы мәнінде» деп білетін билер әділдікті шешендікпен ұштастырып, елдің қамын жегенін тарихтан там-тұм ақпары бар адамның бәрі біледі. Бірақ бүгінгі билердің бағыты қалай? Қазақ «Әділ бидің елін дау араламайды» дейді. Алайда «би», «билер» деген статусты таңып алған талайдың тірлігі қоғамды қақ жарғаны болмаса бітімге шақырмады. Осы тұста Мемлекет басшысы бекіткен «Заң мен тәртіп» қағидаты ағайынның арасын ала тайдай бүлдіруге түбегейлі қарсы екенін ескеру керек.
Мәселен, өздерін билер алқасы деп атайтын бір топтың «ата-бабамыздың күнәсі үшін кешірім сұраймыз» деп ақ боз атты құрбандыққа шалған бейнежазбасын көріп жаға ұстадық. Ғайыппен арадағы порталдың есігін жабамыз дегендердің әрекеті есікті қайдам елдің есін алды, артынша ағайын мемлекеттік органдарға арыз жазған еді. Бірақ одан нәтиже болмады.
Немесе өзін «билер ұйымының мүшесімін, заңгермін» деп таныстырған адамды адвокат ретінде жалдаған азаматша артынша «алдандым, ол адамның лицензиясы да жоқ екен» деп арызданғаны елдің есінде. Көпке топырақ шашпаймыз, алайда аталған ақпараттар бұрын «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп адалдығы алдыға шыққан билер институтының абыройын бүгін кім көрінген жамылып кеткен жоқ па деген мәселені көтеруге мәжбүрлейді.
Қазір Қазақстанда 3 республикалық, 17 жергілікті билер ұйымы бар. Мүшелері де мыңдап саналады. Мысалы, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 8385 мүшесі бар билер ұйымдары тіркеліпті. Оның 1677-сі би болып сайланған. Бұл тек екі аймақтан алынған ресми ақпарат.
Мәселе санында емес, аталған ұйымдардың төрелік айтуға талпынатын территориясында. Бұрын иә, заң жазасы мен ар жазасын билер бекітетін. Төрелікті талап еткен ел «Бітім», «Береке», «Салауат» деген үш кесімнің біреуіне тоқтайтын.
Қазір заман басқа, заң басқа. Заң бұзушылық орын алса оны тексеретін, тергейтін құқық қорғау орындары бар. Тергеудің қаншалықты әділ өткенін қадағалайтын мемлекеттік орган және жұмыс істеп тұр. Іс сотқа жетпей шешілсін дегендерге медиация және бар. Әрі қарай сот үкімі, жаза басқан адамның жазасын өтеу тәртібі бәрі нақты белгіленген. Сондықтан Һәкім Абайша айтқанда «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?» – деп әркімнің әртүрлі шешім шығаруын доғаратын кез келді. Қоғамдық ұйымның заңға сәйкес өзіндік жұмыс істеу ережелері мен темірдей тәртібі бар. Сондықтан адамның құқығын қорғайтын мемлекеттік мекемелер толыққанды қызметін атқарып тұрған елде қоғамдық ұйым біткеннің төрелік айтуын, құқықтық мәселелерді шешуін тоқтату керек. Себебі мұндай әрекеттер заң бұзушылықты анықтайтын, оны тергейтін, шешім шығаратын ресми құқық қорғау органы ма, әлде қоғамдық ұйым ба деген екіұдай пікір тудыруы мүмкін».
Депутат түйткілді шешу жолдарын ұсынды:
1. Атауында «билер», «билер кеңесі», «бас би» сынды терминдер қолданылатын ұйымдардың «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңды қаншалықты сақтап жұмыс істеп жатқанын тексеру керек.
2. Аталған ұйымдардың мемлекеттік органдармен квазимемлекеттік мекемелердің функцияларын қайталамауын қатаң қадағалау қажет.
3. Құқық қорғау органдары заң аясында шешуі тиіс мәселелерге қоғамдық ұйымдардың төрелік айтуына жол бермеу керек.
4. Қоғамға іріткі салатын, елдің бірлігі мен тыныштығына нұқсан келтіретін ұйымдардың жұмысына құқықтық баға беру қажет.
JQ-Aqparat
View this post on Instagram