Нан ауыз тисе жетті емес пе?!.

15 шiлде 2022, 11:25

Әдеттегідей абыр-сабыры басылмайтын Алматының халқы бұл жолы да таң атпастан тұрып, Халықаралық әуежайға ығы-жығы жиналды. Мұхиттың аржағынан алтын медаль – Әлемдік жарыстан бас жүлде олжалап келе жатқан жеңімпаз оғланын дүрілдетіп қарсы алмақ!.. Домбыра оркестрінің жағымды үні, шуылдасқан шат күлкі, ұлттық киім киген сұлу қыздар… бәрі-бәрі қандай жарасымды еді, шіркін!

Егемендіктің, еркіндіктің арқасы: шүкір, отыз жылда әуежайда мұндай қуанышты қарсы алулардың қаншасы өтті?! Қиыр шетте Көк туымызды көкке желбіретіп, жанымызды желпінткен чемпиондарымыздың көзсіз ерлігіне көзіміз үйренді. Көңіліміз жайланып, кезекті бір жағымды жаңалыққа балайтын да болып алдық. Бұл қарсы алудың бұған дейінгі он-сан қарсы алулардан еш айырмашылығы да, артықшылығы да жоқ. Әттең, салтанатты сәтте көңілге титтей кірбің туғызып кеткен бір жайт, оқиғалы көрініс болмаса.

Жүзі бал-бұл жанған чемпионымыз алдымен әсем қыздарымыз иіліп ұсынған ыдыстан нан ауыз тиді. Кішкене екі кесеге қымыз құйылыпты. Салтанатпен ұсынылған соң, ішу қажет деп тапқан шығар, жеңімпаз жігітіміз қымыздан да бір ұрттады… Құшағы гүлге толған жеңімпаз бен оның жаттықтырушысы ұлы дүрмекпен (әрине, сценарий бойынша) енді бар жақсы сөзін шын жүрегімен ақтаруға дайын тұрған, үкімет мүшесі мен шенеуніктер тұрған бұрышқа қарай жылжыды.

Бұл күнде бейнекамерадан – мейлі ол смартфон, мейлі кәсіби телевизиялық камера болсын, ештеңе жасыра алмайсың ғой! Кенет… қаумалаған топ ішінде келе жатқан жеңімпазымыз, құшағындағы гүлін сол жағына аударып, оң жағына еңкейіп тұрып бір түкірді. Егер жарыс алаңында мұндай қылық танытса, сол үшін әлемді таңырқатқан жеңісі есепке алынбастан, мезетте алаңнан қуылар еді. Ал енді көз алдымызда болып өткен осы оқиға үшін кімді кінәламақпыз!?
Бірден кесіп айтсам, менің өз басым елдің намысын жыртқан чемпион жағына шығамын. Себебі бұл чемпион жігітіміз легионер-спортшы еді. Қымызды, бәлкім, шұбатты өмірінде бірінші рет, оны да осы әуежайда ұрттаған шығар. Таңдайына қышқылтым дәм тиген кезде ол үшін «бұл өте таңсық мақұлықтың сүті» деген ой санасынан жүгіріп өтуі де мүмкін ғой! Арғы жағы өздеріңізге мәлім!..

Үкімет мүшесі қол астындағы құрдай жорғалаған қызметкерлеріне спортшының алдынан бауырсаққа қоса кесеге қымыз құйып алыңдар демеген шығар?! Бәрі де ұйымдастыру шараларымен «аһ» ұрып жүгіріп жүретін осы топтың оспадар, ойсыз қылығы дер едім. Иә, бұқаралық ақпарат құралдарынан талай оқыдық та, біздің боксшыларымыз қымыз ішеді, қазы жейді… Соның қуатымен жойқын қарсыласын жалпасынан түсіріп сұлатып жүр екен! Өте жақсы, қазақ баласына қымыз да, бауырсақ та таңсық емес. Ал біздің елдің намысын қорғап жүрген өзге ұлт өкілі, легионер-спортшыларға ше? «Ұйымдастырушы» жігітеріміз осы жағын неге зерделемеген?

Осыдан оншақты жыл бұрын ұлыбританиялық «Financial Times» газетінің Киев қаласында өткізген бір жиыны еске түсіп отыр… Украина әмәнда ұлттық асы – тоңазытылған шошқа майымен (сало), біздің қымызымыз бен шұбат-қазымыз секілді, мақтанады. Сағат 11.00-дегі кофе-брейкте қатысушы қонақтарға бірдей кесіліп, сол мақтаныш тағамы, өзге де ірімшік қосылған тағамдармен, дастарханға құрметпен қойылды. Кофе, сүтті шәй, сүтсіз шәй… Өзбек, қырғыз, тәжік, әзірбайжан елінен келген, әрине, қазақтар біз де, сондай салтанатты дастарханға қолымыздың ұшын ғана тигіздік. Дастарханның мұрты бұзылмады. Алматыдағы офисте түс мезгілі таяғанда, өзге асхана құрып қалғандай, «онда шошқа еті берілмей ме?» деп әзілдегеніме «ой, аға-ай..» деп онша мән бермей «Грузинкаға кеттік, грузинкаға…» деп дауыстап жүретін «орыс тілді» әріптес екі қарындасыма да мұндай қатты риза болмаған шығармын! Менімен бірге өте мәдениетті түрде дастарханнан жылыстады. Сол сол екен, мән-жайды бірден ұғынған киевтіктер, ұлттық мақтанышын дастархан басына қайтып жолатпады. Оны айтасыз, бізге сондайлық құрмет көрсеткені, бұдан былай бар мәзірді түріктің «Тютюни» («Түтін») мейрамханасынан дайындап, сонда түстендеретін болды. Байқампаздық деп осыны айт. Құда да тыныш, құдағи да тыныш!
Теледидар сюжеті (егер дәл сол эпизод қиылмаса) мен әлеуметтік желілердегі қазақ құрметі мен тосын түкіруді бағасы қанша батпан екенін түсіндік пе біз?! Әттең, кеш! Оның жауабын кім береді? Бүкіл әлем көзін тіккен ол оқиғадағы осынау бір ғана түйткіл-түкірікке кім жауап береді? Шетелдік қонаққа қымыз беру, қойдың басын ұсыну шарт па осы? Тіпті, құрметті қонақ, қазақша айтқанда, «нан ауыз тисе» жеткілікті емес пе, ә? Ойлан, намысшыл қазақ, ойлан!

Талғат СҮЙІНБАЙ

Бүгін, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді