Белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасында біраздан бері хабар жүргізуде. Ал оған атау ретінде бұрыннан өзінің бағдарлама соңында қоштасарда айтатын «Бай-қуатты болайық!» деген сөзін алған.
Көшпелі сұхбат түрінде жүргізілетін бұл хабарға елімізге танымал тұлғалар мен түрлі салада жетістікке жеткен, еліне еңбегі сіңген жандар тартылуда. Бағдарламаның аңдатпа ролигінде Нұртілеу Иманғалиұлы «Мен эфирге қайта оралдым. Қайырын берсін деп тілейік!» депті.
caravan.kz хабарлағандай, 65 жастағы Нұртілеу Иманғалиұлы — тележурналистикада ұзақ жыл жемісті еңбек етіп келе жатқан ардагер. Ол кеңестік қазақ телевизиясында «Көкпар» хабарымен танылды. Кейін «Хабарда» «Бетпе-бетті», одан соң «Қазақстанда» да сұхбат түріндегі бағдарламаларды жүргізді. «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы болды.