Бүгiн Мәжiлiс үйiнде «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне дiни қызмет және дiни бiрлестiктер мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заң жобасы таныстырылды. ҚР Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрi Нұрлан Ермекбаев заңнамалық актiде сақал ұзындығы да бекiтiлетiнiн айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
«Заң жобасында деструктивтi дiни ағым белгiлерiн пайдалану және көпшiлiкке көрсетуге тыйым салу көзделiп отыр. Осы белгiлер заңнамалық нормативтiк-құқықтық актiде бекiтiледi. Бұл белгiлер сыртқы, идеологиялық, психологиялық әрi тұжырымдамалық белгiлер болуы мүмкiн. Осындай сыртқы белгiлердi көпшiлiкке көрсетуге тыйым салу ұсынылып отыр. Деструктивтi дiни ағымдардың сыртқы белгiлерiне исламдағы радикалды ағымдарға тән заттар жатқызылуы мүмкiн. Мысалы, бетiн жауып тұратын киiм, қысқа балақ шалбар, сақал…. Олар жеке-жеке емес, бiрге қарастырылады. Бұл актiде эскиздер немесе фотосуреттер де берiлуi мүмкiн. Мамандар мен арнайы сараптама арқылы олардың деструктивтi ағымға жататыны, жатпайтынына анықтама берiледi. Яғни, мамандар бiрнеше сыртқы белгiсi бар азаматпен тiлдесiп, оның дiни көзқарасын бiледi. Сақал ұзындығы мен басқа белгiлердiң барлығы актiде бекiтiледi. Қажет болған жағдайда мамандар азаматқа ескерту жасайды», — дедi Ермекбаев.
Министрдiң айтуынша, деструктивтi дiни ағым кез келген дiннiң iшiнде болуы мүмкiн. Бұндай ағым адамның санасы, ой-өрiсi мен қоғамдық қауiпсiздiгiне қауiп келтiруi ықтимал. Сондықтан, заңнамалық акт жасауда IIМ, ҰҚҚ мен Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрлiгi бiрлесiп қызмет атқармақ.