Газетіміздің өткен санында Астана іргесіндегі Автоматика тұрғын үй алабындағы тұрғындардың жанайқайын жариялап едік. Қала шетіндегі қараусыз қалған бес қабатты үйдің тұрғындары 22 жылдан бері пәтерінде пеш жағып келген. Өндірістік аймақта орналасқан баспана иелерінің базынасы билікке жетіп, жуырда Елорда басшылығы Автоматикадағы көпқабатты жалғыз үйді сүріп, иелерін жаңа баспанаға көшіру жөнінде шешім қабылдапты.
Жуырда Астана әкімінің орынбасары Сергей Хорошунның есептік кездесуінде ашына сөйлеген «автоматикалықтардың» сөзі ел-жұрттың назарын аударды. Аталған аумақтағы 6 үйдің бесеуі өткен жылдары сүріліп, иелері жаңа қонысқа көшіріліпті. Ал 40 пәтерлі 5 қабатты ғимаратты тексерген комиссия қисынсыз шешім шығарған. 20 жылдан аса уақыт әр пәтерде пеш жағып отырған нысанның «жылу құбырының 80 пайызы тозған» деген қорытынды жасапты. Бұдан бөлек, шатыры да шұрық-тесік. Кәріз жүйелері де істен шығып, жертөлесі әбден тозған. Мұржасы көп бес қабатты үйдің айналасы көмір қора, тіпті қаладан шыққан күл-қоқысты да осы маңға төгеді екен. Астана іргесіндегі көп қабатты үйдің маңында мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысан тұрмақ, азық-түлік дүкені де жоқ. Тұрғындардың үміті қалаға қатынайтын жалғыз автобуста. Көмір жағып, газ баллон қолданатын тұрғындар жанын шүберекке түйіп отырады. Себебі, екі жыл бұрын үш бала ыстан уланып қайтыс болса, 8 жыл бұрын осы тұрғын үйде пештен ақау шығып, бір отбасынан үш адам өртеніп кеткен.
«Мамонттар секілді қатып қалғанша ешкімге керек емеспіз бе» деп ашынған тұрғындарға есептік кездесу жиында Сергей Хорошун «Келесі аптада өзім шығып, аудандық әкімдікпен және тұрғын үй инспекциясымен барамын. Мәселені шешуге тырысамын» деп уәде берген еді. Айтқанында тұрды. Орынбасары С.Хорошунға сенім артқан Астана әкімі Әсет Исекешев өндірістік аймақта қалған жалғыз үйді сүру туралы шешім қабылдады.
Бейсен Нарынбек