Атырауда инспектордың ұялы телефонына бірлік аударған адамға 481 мың теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті хабарлады.
Атырау қаласында облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің аға инспекторы Ф.Мұхамбетованың ұялы телефонына осы инспектордың бақылауындағы сотталған М.Қазиев 1 000 теңге бірлік аударған.
“Аталған факті бойынша М.Қазиевке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 676-бабы бойынша (Жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруi) әкімшілік хаттама толтырып, сотқа қарауға жолданды”, – делінген хабарламада.
stan.kz хабарлағандай, М.Қазиевке Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен 481 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды.