Тимур Темірханов. Жасы 39-да. Сал ауруымен туылған. Десе дее өмірге деген құштарлығының арқасында жолында кездескен барлық қиындықты бірте-бірте еңсеріп келеді. Сал ауруына шалдықса да сау адамнан артық болмаса, кем емес. Еңбектен әсте қашпайды. Өзі бағдарламалық жасақтаманы әзірлейтін ресейлік компанияда техникалық жазушы және аудармашы болып жұмыс істейді.
«Айына 250 мың теңгеден кем таппаймын, – дейді Тимур – 2019 жылдан бастап ресейлік компаниядамын. Екі тілде аударма жасаймын. Ағылшыннан орыс тіліне және керісінше орысшадан ағылшын тіліне. Жастайымнан тіл үйренуден қашпағанымның пайдасы тиіп жатыр. Арнайы курстарға қатысып жүріп меңгеріп алдым».
Тимурдың сырқаты ауыр. Алайда тағдыр тәлкегі оның жігерін жасыта алмады. Керісінше, қайрай түскендей. Күн мен түн демей, тапсырмаларды межелеген уақытында өткізеді. Негізгі жұмысынан бөлек, Қазақстандағы бірнеше компанияларда фрилансер ретінде аудармалар жасайды. Ол өзінің білім алуға, жұмыс жасауына, денсаулық күтіміне мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндік алғаннын тізіп айтып берді.
Тимур Темірханов:
«Іс жүзінде білім беру мүмкіндіктерін айтып өтейін:
1) Арзан интернет – 7 гигабайт интернет тарифі 1000 теңге тұрады;
2) Инклюзивті білім беру – егер араласу үшін емес, мектепке білім алу үшін келсе;
3) Жоғары оқу орындары мен колледждерге қабылдау квоталары мен оқыған уақытпен салыстырғанда ЖОО квотасы екі есеге өсті;
4) Әлеуметтік қамсыздандырудан жұмыс істеуге арналған квоталар – әрине, кейбір жағдайларда бірінші мүгедектік тобын немесе жұмыс істеу мүмкіндігін таңдау қажет;
5) Мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге арналған квоталар – Халыққа қызмет көрсету орталықтарында арбаға таңылған жігіттерді көп көрдім, олар әкімдікте де жұмыс істеп жүр».
Алматыда туып-өскен жігіт Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін «Аудармашы» мамандығы бойынша жоғарғы білім алған. 2008 жылы қолына диплом алған ол дәл осы мамандық бойынша магистратураны тәмамдаған. Тимур қолдан келгенше қоғамға пайдалы болсам дейді. Себебі мүгедектігі бар азаматтардың көбінің бойында патерналистік көңіл-күйдің, әлеуметтік масылдықтың бар екенін жасырмады.
Тимур Темірханов:
«Меніңше, мүмкіндіктер шектеулі емес. Бәрі де адамның таңдауына байланысты. Егер арзан интернет болса, ол шынымен де қолжетімді болса, тіл үйренгісі келсе, киім пішу және тігумен айналысқысы келсе, онда көптеген тегін курстар бар ғой».
Тимур Темірханов компьютерлік бағдарламаларды әзірлеуді, оны пысықтауды, кодтау тілін де меңгеріп алған. Ал клавиатура – оның шынайы досы. Біз де еңбегінің еленіп, қуанышының арта беруін тіледік.
Бүгінде Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар 719 мыңнан астам адам тұрады. Соңғы жылдары мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету жүйесінде елеулі өзгерістер орын алды. Әлеуметтік кодекс пен басқа да заңнамалар қабылданды. Ол өз кезегінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға білім алуға, жұмысқа тұруға, медициналық, әлеуметтік көмекке және т.б. құқықтарға кепілдік береді. Мүгедектігі бар ересек азаматтар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтары да ашылды. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесі жетілдіріліп жатыр. Республиканың барлық өңірлерінде кедергісіз орта құру бойынша жұмыстар өз жемісін береді деген үміттеміз.
Олжас Әбідхалық,
журналист