jasqazaq.kz

Мүмкіндігі шектеулі жанның құқығы қорғалуы тиіс

29 ақпан 2024, 14:45

Елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқығы заң жүзінде қорғалады. 2022 жылы Парламентте «Қа­зақстан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне мүгедектігі бар адам­дардың өмір сүру сапасын жақсарту мә­селелері бойынша өзгерістер мен то­лық­­тырулар енгізу туралы» заң қаралып, қабылданған болатын. Бұл құжат мүмкіндігі шектеулі жандарды қорғап-қолдау саласында шешімін таппай келе жатқан біраз мәселені шешуге арналды.

Дегенмен кей өңірде жергілікті атқарушы органдардың, медицина қызметкерлерінің селсоқтығынан, жайбасарлығынан, мәселеге немұрайды қарауы салдарынан онсыз да тағдыр теперішіне ұшыраған жандар тиесілі жәрдемге қол жеткізе алмайтын келеңсіз жәйттер болып тұрады. Jasqazaq.kz сайтына мүгедек жанның құқығы қалай қорғалғаны жөнінде белгілі журналист Жәзира Бегалы айтып берді.

Эльмира Садақбаева — Шардара қаласының тұрғыны. 38 жастағы келіншек сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан, әрі ІІ топтағы мүгедек. Жұмыс істемек түгілі, үйден шығуға қауқары жоқ. Күйеуімен ажырасқалы үш перзентін  жалғыз өзі асырап отырған әйелдің  мүгедектігі үшін төленетін жәрдемақысы мен атаулы әлеуметтік көмектен басқа кірісі жоқ. Өткен жылғы желтоқсан айында мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақысы төленбей, тоқтап қалыпты. Қыстың іші қырауда ай сайынғы атаулы әлеуметтік көмек — 30-40 мың теңгемен күнелтіп отырған. Баспанасы да жоқ, пәтер жалдап тұрады.

Келіншектің қолтығында пайда болған түймедей түйін бес жылда бүкіл денеге жайылыпты. Дәрігерлер бір омырауын кесіп тастаса да, ауру меңдеп, қолы, беті, басы ісіп, жара қаптаған. Үлкені Ақерке 15-те, анасының, екі інісінің қамқоршысы. Үйдің бар шаруасы шынашақтай қыздың мойнында.

Өмірден күдер үздірмей, ұстап тұрған бір мықты күш бар. Ол – «осы аурудан тезірек жазылсам, балаларым үшін өмір сүрсем» деген арманы.

Біз Эльмираның мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысы неліктен тоқтап қалғанын білу үшін Шардараға арнайы ат басын бұрдық. Емханаға барып, мәселенің мән-жайын анықтағанда, жауапты дәрігер техникалық ақаудың кесірінен деп ақтала бастады.  Ал желтоқсаннан бері екі ай уақыт өткен. Біздің алдымызда ғана, яғни бір сағат бұрын қажетті қағаздарды жіберген көрінеді. «Базада қабылданды» деген жазу шыққан.

Мүгедектікті куәландыруға құжатты жолдаған онколог дәрігердің айтуынша, мәселенің оңтайлы шешілуіне жүйедегі ақау кедергі келтірген. «Біздің тарапымыздан да қателік кетті. Осы жерден жіберген соң бір ай күту керек. Біз қанша рет жібердік. Базада бар деп келіп жатыр», — дейді дәрігер.

Журналистер араласқаннан кейін бас дәрігер  науқастың үйіне келіп, уәжін тыңдады. Осы дау-дамай бойынша қызметтік тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.

«Жәрдемақы алмағаннан кейін Эльмира Садықбаева оны тоқтатылды деп есептеп отыр. Неліктен осы мәселе сағызша созылып кетті?» деген сауалды

№ 5 медициналық әлеуметтік сақтандыру бөлімінің басшысы Марат Қожахметұлына қойдық. Ол бұл мәселеге араласа алмайтынын айтты. «Мұны сол емхананың дәрігерлерінен анықтау керек. Біз оларға бұйрық бере алмаймыз. Сырттай болған соң, біздің оған қатысымыз жоқ. Жергілікті емханада өздері  толтырып, тексеруден өткізіп, базаға салады. Базаға салғаннан кейін ол бүкіл Қазақстанға кетеді. Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, кез келген облыстан үш маман өздерінің шешімін шығарады. Үшеуінің шешімі шыққаннан кейін, әрі үшеуінің де шешімі бірдей болса, онда сол адамға мүгедектік тағайындалады. Үшеуінікі бірдей болып шықпаса, қайтадан қаралады. Қалай келеді, мүгедектік тобын, анықтамасын   жазып береміз», — деп түсіндірді.

Пилоттық жоба бойынша комиссия мүшелері  мүгедектікті онлайн куәландырады екен. Науқастың жасы, жынысы және медициналық тексеру қорытындысын басқа үш облыстың мамандары  сараптама жасайды. Олар науқастың аты-жөнін, қай өңірдің тұрғыны екенін білмейді. Мамандардың айтуынша, жоба осы саладағы жемқорлықты жою, мүмкіндігі шектеулі жандарды сенделтуді тоқтатуды көздейді. Бірақ жоба іске қосылғанына екі жыл болса да, кей кезде жүйенің жұмыс істемей қалатыны бар. Демек ол әлі де жетілдіруді қажет етеді. Өйткені біздің кейіпкеріміз, дәрігер айтқандай, дәл осы жүйедегі ақаудың кесірінен дер кезінде жәрдемақысына қол жеткізе алмады. Бірақ, әйтеуір, Эльмираның мүгедектігі анықталды. ІІ топтағы мүгедек екенін растайтын құжаты қолына тиді.

Шардара аудандық ауруханасының жедел жәрдем көлігі екі күннен кейін Эльмираны Түркістан облыстық клиникалық ауруханасына  жеткізді. Өз тарапымыздан «Қарекет» қайырымдылық қорына өтініш білдірген соң, қордың басшылары ауру меңдеп, үш баласымен жалдамалы пәтерді паналаған анаға көмектесу туралы шұғыл шешім қабылдады. Шардара қаласына барып, еліміздегі үйсіз-күйсіз жүрген  тағы бір отбасын тауқыметтен құтқарып,  ұмытылмастай қуанышты күн сыйлады.

Жазира Бегалы,

журналист

 

 

 

 

 

Бүгін, 15:06
Түркістан: Қазығұртта - индустриалдық аймақ, Отырарда мақта зауыты іске қосылады
Бүгін, 15:03
Түркістан: Мақтарал ауданына биыл 9,4 млрд теңге инвестиция тартылды
Бүгін, 14:09
Жан жарасын жазатын диалог: мұғалім мен бала арасындағы сенім
27 маусым, 15:14
Заманауи медициналық технологиялар дені сау балалардың өмірге келуіне арналған
27 маусым, 10:53
Түркістан: Кентауда модульді капсулалармен жабдықталған демалыс аймағы ашылады
26 маусым, 19:27
Түркістан қаласының жалпы өңірлік өнімі 159,5 млрд теңгені құрады
26 маусым, 19:13
Түркістан: Жылыжай агробазасы - барлық саланы біріктіретін ауқымды бастама
25 маусым, 16:42
Түркістан: Ағын су тапшылығын еңсеру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
25 маусым, 15:56
Түркістан: Саурандағы индустриалдық аймақтар кәсіпкерлікке серпіліс береді