Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың баспасөз хатшысы сұрақ қоймақ болған тілшілерге кедергі жасап, аяғын қысып тастады.
KADEX көрмесінде қаза тапқан ер адам мен Байқоңыр туралы сұрақтан қашқан Бейбіт Атамқұловты қорғамақ болған баспасөз хатшысы есікті қатты жауып, тілшілерді жібермей тұрып алды.
Министрлік өкілінің бұл әрекетінен 31-арнаның тілшісі жарақат алған.
Қанша қашқанымен құтылмаған министр KADEX көрмесінде көз жұмған адамның өзі кінәлі деп айды аспанға шығарды. Оның айтуынша, қазір ер адамның өліміне қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде.
«Ол күні келушілер арналған күн емес еді. Мамандар ғана кіруі тиіс болатын. Ол адам орталық қақпа арқылы кірмеген, өткізу бекетінде тіркелмеген. Оның қалай кіргені қазір анықталуда. Кейбір айтуға болмайтын дүниелер бар. Рұқсат етілмеген құжаттармен кіргені үшін ол өзі кінәлі», дейді Бейбіт Атамқұлов.
Министрдің сөзінше, қайтыс болған адамның көрме аумағына қалай кіргені белгісіз, өткізу бекетіне тіркелмеген.
24 мамырда KADEX-2018 көрмесі кезінде қатты желден стенд құлап, ер адамның үстіне түскен болатын. Медициналық көмек көрсетілгенімен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады.
Айта кетейік, 23-26 мамыр аралығында Астанада V халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі өтті. Биылғы шараны ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұйымдастырды.