Медициналық ұйымдардағы Интернеттің тұрып қалуы қызметкерлердің кино көруінен болып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде денсаулық сақтау саласын цифрландыру тақырыбында өткен Үкімет сағатында еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шара барысында Мәжіліс дептутаты Айзада Құрманова қазіргі уақытта медицина қызметкерлерін олардың оқытылмауынан немесе Интернеттің тұрақты түрде тұрып қалуынан деректерді медициналық ақпараттық жүйеге енгізу өте ұзаққа созылатындығы мазалайтынын атап өтті. «Кейбір кезде бұл деректер ақпараттық жүйеде жоғалып қалған жағдайлар да болған. Сол себепті емделушілердің кезектері де, наразылығы да туындап отыр. Бір емделушінің тексерілуіне уақыт нормативтері бар. Осыған байланысты нормативтер қайта қарала ма және ақпараттық жүйелердегі тұрып қалуына байланысты техникалық проблемалар қалай шешілетін болады?», — деп сұрады ол министрден. «Қазіргі күні біз пайдаланып жүрген бүкіл стандарттар қағаз түрінде жұмыс жасауға арналған. Сол үшін біз ең алдымен толықтай электрондық форматқа көшуіміз қажет. Ағымдағы жылдан бастап Қарағанды облысының автоматтандыру жүргізетін компаниясымен келісіп, хранометраждық зерттеу өткізіп, жаңа стандарттарды әзірлеп, талқылап, одан кейін бекітуді жоспарлап отырмыз. Бұл өте маңызды», — деді министр. Сонымен қатар ол медициналық мекемелердегі Интернеттің дұрыс жұмыс істеуі ақпараттық технологияларға байланысты екендігін баса айтты. «Әрбір медициналық ұйымның басшысы бұл мәселеге жан-жақты дайыналуы керек. Себебі көп жағдайда дәрігерлер және басқа қызметкерлер Интернетті тек жұмысына ғана пайдаланбай басқа мақсаттарда, мәселен интернет қарап, кино көруге пайдаланады. Сондықтан Интернет тоқтап қалады. Мұны менджмент қарап отыруы тиіс»,- деді Ерлан Біртанов.