Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында туризм кеңесі өтті деп хабарлайды Шымкент қаласы Кәсіпкерлік палатасының баспасөз қызметі. Жиынға палата директорының орынбасары Бауыржан Бердәлиев, Италияның Милан қаласының индустриализация қауымдастығының өкілі Урсу Лилиана, Шымкент креативті индустрия қауымдастығының төрағасы Жанна Байтелиева, қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының жетекшілері, «Shymkent» ӘКК» өкілдері, қолөнершілер мен кәсіпкерлер қатысты.
Милан индустриализация қауымдастығының өкілі Урсу Лилиана өз қаласының мүмкіндіктері мен жетістіктері туралы таныстырып өтті.
«Қазақстанның экономикалық әлеуеті туралы таныспыз. Барлық саласы, оның ішінде тоқыма, жеңіл өнеркәсіп салалары да қарқынды дамып келеді. Осыған орай біз сіздерді тікелей әріптес болуға шақырамыз. Мысалы, сіздерде креативті индустрияда қолданылатын былғары илеуге қажет тері, мата тоқуға қажет жіп, мақта сияқты шикізат жеткілікті. Ендеше, сол теріні шетелде емес, өздеріңізде де өңдеп, былғары шығаруға қажет техникаларды, құрылғыларды жеткізіп бере аламыз. Осылайша дайын өнім шығарудың толық циклі өздеріңізде болады», – деді Урсу Лилиана.
Жиын барысында тараптар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты, өзара әріптестік туралы жан-жақты талқылады. Соның бір бағыты ретінде миландық маман жергілікті «Azala Cotton» компанияның тоқыма жіптерін сатып алуға қызығушылық танытты.
«Италия Қазақстанның экспорт бойынша басты серіктесінің бірі саналады. 2024 жылдың 8 айында екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 14 млрд долларға жуықтады, оның ішінде Қазақстаннан Италияға экспорт көлемі 12,9 млрд долларды құрады. Қазақстанда Италияның қатысуымен 251 компания тіркелсе, соның екеуі Шымкентте жұмыс істеп тұр. Креативті индустрия қауымдастығы мен Кәсіпкерлер палатасы және «Shymkent» ӘКК» АҚ басшылығы арасында меморандум түзіліп, өзара әріптестік орнаған. Соның бір бағыты – осы кездесу. Шымкенттік кәсіпкерлерге енді шетелдік әріптестерімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік бар. Сол үшін сонау Милан қаласынан қонақ шақырып отырмыз», – деді Жанна Байтелиева.
Ал Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшының орынбасары Мөлдір Оңдасынова Италияда шымкенттік музейлердің көрмесін ұйымдастыру туралы ұсынысын білдірді.
JQ-Aqparat
Шымкент қаласының Кәсіпкерлік палатасы