Әлемге аты әйгілі Microsoft компаниясы Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың алдыңғы қатарлы озық IT- технологияларды енгізіп, сандық университетті сәтті құрғаны жайлы бейнеролик түсіріп, сайттарына жариялады. Бұл туралы аталған университеттің баспасөз қызметі хабарлады.
Бейнематериалда барлық тиімді бизнес процестерді автоматтандыру мен инновациялық IT-сервистерді қолданудың жарқын үлгісі көрсетілген және бұлтты қызметтің ең басты бағыттарының бірі «Microsoft Power BI» бизнес-сараптамасы жайында айтылған.
Microsoft ҚазҰУ-дың стратегиялық әріптесі бола отырып, өзге әлемдік ЖОО-дар арасында университеттің IT технологиялар мен бұлтты сервис жұмысын тиімді қолданғанын жоғары бағалады. Компания сарапшыларының пікірінше, енгізілген сараптамалық жүйе университеттің қызметін жаңа сапалы сандық деңгейге көтерген.
Айта кету керек, өткен жылы Редмонд штаб-пәтеріндегі (АҚШ) Microsoft Campus Connections саммитінде ҚазҰУ ТМД елдерінің ЖОО-дары арасынан «E-campus» жобасын ұсынған жалғыз оқу орны, бұл компания өкілдері мен шетелдік жоғарғы оқу орындарының қызығушылығын тудырды. Ал биыл сәуір айында ҚазҰУ Лондонда (Ұлыбритания) өтетін саммитте IT- саласындағы өз тәжірибесімен бөлісетін болады.