Алматы қаласының тұрғыны Аида Ахметова жақында менингококк инфекциясынан көз жұмған бес жасар ұлы мен 19 жастағы келіні туралы айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бес жасар бүлдіршінге қатысты қайғылы оқиға маусымның бірінен екісіне қараған түні болды. Дәрігерлер оның қайтыс болғанын 2 маусымда сағат 02.00-де хабарлаған. Ал 3 маусым күні сағат 09.00-де бүлдіршіннің туыстары көз жұмған баламен байланыста болған келінінің де қайтыс болғанын білген.
Ахметованың айтуынша, жақында ол күйеуімен бірге қаладан облысқа көшіп кеткен. Ерлі-зайыптылар Табақсовхоздан үй салу үшін жер сатып алған, бірақ құжаттарды толық рәсімдеп үлгермеген. Сондықтан, балаларын Алматыдағы балабақшаға берген. Ал, бүлдіршін Думан ықшамауданындағы Аида Ахметованың ата-анасының үйінде тұрған. Дәл сол үйде көп ұзамай 19 жастағы Айжан Наурызбаеваға үйленейін деп отырған Аиданың кіші інісі де тұрады.
«Жұқпалы аурулар балалар ауруханасының қызметкерлеріне ризамын. Олар біздің баламызды соңына дейін аман алып қалуға тырысты. Мен жедел жәрдем қызметін ұлым ауырған үйге шақырдым. Алғашқы көмек Табақсовхозға жылдам келді, бірақ олар қалаға апарудан бас тартты. Айтуларынша, оларда аймақты тек Талғар ауруханасы ғана қабылдайды деген бұйрық бар екен. Ал оларға жұқпалы ауру ауруханасы бар ма, соны білеік десек, мүлде хабарласа алмадық. Мен бір минут күтпестен баланы қалаға алып кетіп, Алматы қаласына жедел жәрдем шақырдым. Қайта жақсы фельдшерге тап болдық. Біз ауруханаға жеткеннен кейін, 12-ші стационарда бос орын болмағандықтан 30 минуттай автокөлікте күттік. Сол 30 минут бойы ауруханаға тоғыз науқас баланы әкелгенін өз көзіммен көрдім. Сондай-ақ, балаларын өздері әкеп жатқан ата-аналар да болды. Кезек деген сұмдық. Тексеруден кейін олар баламды 10 минуттың ішінде жансақтау бөліміне жатқызды. Содан бәрі бітті. Біздің періштеміз сол жерде жан тапсырды. Отбасымызда үлкен қайғы. Ол бес жасар бала ғана еді. Содан біз қайғыдан қан жұтып отырғанда анам кеше кешке болашақ келініміздің де қатты ауырғанын айтты. Біз оған бірден хабарластық. Ол кезде таңғы сағат 05.30-06.00 болатын. Келініміз, өзін Талғардан Қаскеленге жедел жәрдем көлігімен алып кетіп жатқанын және дене қызуының жоғары екенін айтты. Мен оған телефонды фельдшерге беруін өтіндім. Онымен сөйлесіп, келінімізді жақын маңдағы жұқпалы аурулар ауруханасына апаруын сұрадық. Мен оларға ұлымнан бір сағаттың ішінде айырылып қалғанымды, сондықтан келінім Қаскеленге жеткенше аман қалмауы мүмкін екенін айтып, уақыт жоғалтпай жақын жердегі ауруханаға апаруын өтіндім. Қаскеленге дейін үлгермейсіздер, біз тағы бір жақын адамымызды жоғалтқымыз келмейді дедім. Ал фельдшер біз облыста тұратындықтан аймақ тұрғындары үшін ең жақын жұқпалы аурулар ауруханасы Қаскелеңде деп жауап берді. Сіздер Талғардан Қаскелеңге дейін кем дегенде екі сағат жүретінін білесіздер ме. Осылайша, біз келінімізден де айырылып қалдық. Бір отбасынан екі адамды жоғалттық.
Осыған байланысты Қазақстанның барлық азаматтарына үндеу жолдағым келеді. ХХІ ғасырда адамдар қалайша эпидемиядан қайтыс болады? Неліктен барлық ұйымдар карантинге алынбайды? Барлық ұйымдарды неге алдын-ала тексермеді? Вакцина қайда және ол неге 22 мың теңге тұрады? Бұл вакцинаны алуға барлығының қалтасы көтере ме ? Ал айына 60 000 теңге жалақы алатын, оған қоса бірнеше баласы бар қарапайым адамдар не істейді? Біз бір мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, бірақ ауданға бөлінеміз. Бұл не деген сұмдық! Біз біртұтас халықпыз ғой, бірақ Талғар ауданында тіркелген адамдарды емдей алмаймыз. Қазақстан халқынан осы мәселені көтеруді сұраймын. Менің қайғымды басқа ешкім көрмесін деп, Денсаулық сақтау министрлігінен шағымымды қабыл алуын сұраймын»,-дейді қайғыдан қан жұтқан ана.