Отандық медицинада айқай-шу. Денсаулық сақтау министрлігі дайындаған «Дәстүрлі медицина. Емшілік» кәсіби стандартына қарсы шыққан дәрігерлер дабыл қағып жатыр. Петиция да жариялап тастады.
Петиция авторы – Алматыдағы отбасылық дәрігер Елена Хегай. Тәжірибелі дәрігер бастаған медицина және ғылыми қауымдастық өкілдері, сондай-ақ қарапайым тұрғындар денсаулық сақтау министріне емшілік туралы стандартты қайта қарау туралы өтінішін жолдады.
Олардың айтуынша, құжатта ғылыммен қабыспайтын терминдер жазылыпты. Мәселен, министрлік «тәуіп» түсінігін заңдастыруды ұсынып отыр. Құжатта «тәуіп» халықтық медицинамен емдейтін емші ретінде сипатталады. Бір қызығы, «емшіге» ауруды ғажайып тәсілмен емдеп жазатын тұлға деп түсініктеме берілген.
Елена Хегай аталмыш кәсіби стандартты клиникалық практика мен ғылым қағидаларынан хабары жоқ біреулер дайындаған дейді. Оның айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі бүкіл әлемде медицинаға қатысы жоқ гирудотерапия, апитерапия, биоэнерготерапия және гомеопатияны практикаға жаңа көмек стандарты ретінде мойындамақшы.
«Бұл стандарт бүкіл медицина және ғылыми қауымдастықтың бетіне түкірумен бірдей. Сондықтан оны енгізуді тоқтатуды өтінеміз», — дейді дәрігер.
Кәсіби стандарт жағдай ушықса (өліп кетсе?) емшіні жауапқа тартуды қарастырмайтын көрінеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі бұл мәселеге қатысты «емшілікті медицинамен теңестіру ойымызда да жоқ» деген сыңайлы түсінік берді. Әлеуметтік желіде жарияланған құжат көшірмесі әлі «пісіп-жетілмеген» нұсқасы екен-мыс. Ол 2019-2021 жылдары Дүниежүзілік банк жобасы шеңберінде әзірленіп, әлі күнге дейін талқыланып жатқан көрінеді (?). Нұсқаны бекіткен соң оны Ашық НҚА порталында жарияланады.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният журналистердің сауалына: «Маған да бұлайша аталуы ұнамайды. Негізі талқыға түскені жақсы. Барлық ұсыныс пен ескертуді министрлік жинақтап, құжатты әзірлеген сарапшыларға жібереді», — деп уәде берді.
Алда-жалда дәрігерлер қарсы шыққан құжат дәл осы күйінде қабылданып кетсе, не болатынын болжау қиын емес. Медицина қарыштап дамыған ХХІ ғасырда әлі күнге дейін тәуіп-емші, бақсы-балгергежүгінетіндер көп. Сөйтіп жүріп көбі уақыт өткізіп алады. Сондықтан дәл осы мәселеде біз дәрігер жағындамыз.
Наргүл Мырзахмет