Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауға қатысты түсініктеме беріп, сайлау заңнамасының жекелеген мәселелеріне тоқталды.
2022 жылғы 5 қарашада «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңға түзетулердің үлкен блогы енгізілген. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша «ҚР кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы Конституциялық заңы қабылданды. Бұл түзетулердің көпшілігі қазірдің өзінде қолданысқа енгізілген. Мәселен, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауға, сондай-ақ аралас сайлау жүйесіне көшуге қатысты нормалар 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді, — деді ол.
Мәжіліс депутаттарының 69-ын партия ұсынады. Парламент Мәжілісіне 98 депутаттың 30 пайызы немесе 29 депутат мажоритарлық (жеке тұлғалар дауысқа түсетін) жүйе бойынша, ал 69 депутат (бұл 70 пайызды құрайды) партиялық тізімдер бойынша сайланады. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың мәслихаттарына депутаттардың 50 пайызы мажоритарлық жүйе бойынша, ал қалған 50 пайызы партиялық тізім бойынша сайланатын болады. Аудандар мен қалалардың мәслихаттардың депутаттарына сайлау толығымен мажоритарлық жүйе бойынша өтеді.