Мәжбүрсіз мәртебе

03 қыркүйек 2021, 11:24

– Менің паспортым жоқ. Мына қыз да паспорт ала алмай жатыр. Ертең анау Жұмабайым өседі. Жұма күні туған соң Жұмабай дейміз да. Негізі Павлик қой. Жұмабайымда да осындай проблема болады. Бар үмітім сіздерде. Басқа еш жаққа бармаймын, бара алмаймын.

– Әйеліңізбен қалай таныстыңыз?

– Осы ауылдағы бір жолдас жігіт «Бозайда Светлана деген қыз бар деп айтты. «Қазақшаға судай» деді. «Әй, қой, маған ұқсап қазақша таза сөйлей ме?» дедім. «Иә. Таныстырамын, жүр барасың ба» деді. Сонымен «Жаппарқұлда жан бар ма?» деп таксимен жетіп бардым. Көрдім, бірден ұнатып қалдым. Машинамен түнде келдік, алып қаштық.

– Сіз нағыз қазақ екенсіз ғой.

– Көп адамдар айтады, «сен өз ана тіліңді білесің бе» деп. Құдайға шүкір, (сөйлегенде) 5-6 орысыңды шаршатамын» дедім.

Бұл – Сібірде дүниеге келген, оңтүстіктегі қалың қазақ арасында өскен Андрей Грибанов пен журналист Жазира Бегалы арасында өрбіген әңгіме. Андрейдің қызы Ярослава да қазақ және орыс тілдерін жетік меңгерген. Әлгі Жұмабай – Павел сөйлегенде тек күнгейдегілерге тән мақаммен «шіли» деген сөзді қосып қояды екен.

КТК телеарнасындағы «Дау-Дамайсыз» бағдарламасының араласуымен, жергілікті өкіметтің қолдауымен отбасы мүшелері еліміздің азаматы екенін растайтын құжатын алып жатыр. Отағасы айтқандай, олар басқа жұртқа барғысы келмейді. Осында тамыр жайғысы келеді. Елге, жерге деген ілтипаты ерекше. Содан шығар, Андрей жазатайым майып болғанда ауыл тұрғындары қомақты мөлшерде қаржы жинап, қол ұшын созыпты.

Андрей тамырдың оқиғасы кейбір мәскеулік хабар-ошар құралдарындағы «Қазақстанда қазақ тілін мәжбүрлеп үйретіп жатыр» дейтін не дәлелі, не дәйегі жоқ ақпараттық байбаламға нақты жауап. Өздерін «тіл сақшысы» етіп көрсеткісі келгендердің жалқы әрекетін де жалпы құбылыс деп көрсете алмайсың. Бұл тек сыныққа сылтау іздегенге, саусағын шүріппеге тақағысы кеп тұратын шовинистке табыла кеткен орай болды. Мәжбүрлеп тілдің мәртебесін көтеруді қолдамаймыз. Өйткені өзге тілді үйрену үшін оған деген ынта-ықылас, ізет-құрмет, қажетілік пен орта болуы тиіс. Бұл процесс, бәлкім, баяу боп көрінетін де шығар. Әйтеуір, өркениетті түрде жүзеге асып жатыр. Жоғарыда айтқан 17 жастағы Ярослава мен 11 жасар Павел – соның жарқын мысалы.
Біраз жыл бұрын қазақша меңгергенді ынталандыру сияқты оң үрдіс басталып еді. Соның арқасында талай тележүргізуші экран жұлдызына айналды. Олардың ізбасарлары пайда болды. Мемлекеттік тілді үйренгендерге үстемақы төлеу мәселесі де көтерілген. Осындай амал-тәсіл тіл мәртебесін өсіріп, оған деген сұранысты арттырған. Мұндай оңтайлы да озық бастама жалғасын тапса, бірнеше тіл білетіндер қатары молаяр еді.

Тіл мәртебесін өсірудің тағы бір жолы, біздіңше, ресми құжаттардан бастап, мобильдік қосымша, билборд, маңдайша, жарнама мәтінінің қазақша нұсқасын дайындау. Әзірге, бұлардың дені – аударма. Оның өзі ақсақ. Содан болар, жарнамадағы «тірі су» дейтін тіркесті өзгелер былай тұрсын, қазақтың өзі де түсінбейді.

Срайыл Смайыл

24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді