Маңғыстау облысындағы 30 мыңнан аса халқы бар Басқұдық ауылдық округінде 3 мыңдай оқушы әлі күнге дейін үш ауысымда оқып жатыр, деп хабарлайды 24.kz.
Ал мұндағы мектеп бар-жоғы 900 орынға шақталған. Бұл аздай ауылдағы 2 мың бала көрші Маңғыстау елді мекеніне тасымалданса, бұдан өзге 260 бүлдіршін жалға алынған кешенде білім алуға мәжбүр.
Бұл – былтыр Басқұдық ауылындағы сауда орталығынан жалға алынған оқу кабинеттері. Бас-аяғы 260 бала 13 сыныпқа бөлініп, үш ауысыммен мектепалды даярлық сабақтарына барып жүр. Себебі ауыл мектебінде орын жоқ. Мәселе орта білім беру кешеніне қосымша 320 орындық ғимарат жалғанған соң шешілмек.
Сәбит Садықов, Басқұдық ауылдық мектебі директорының орынбасары:
— Әкімдердің есеп беруінде осы жылы құрылыс басталуы керек деп айтты. Алдағы оқу жылында бізге қолданысқа берілетін болса, онда біздің біршама қиындықтарымызды жеңілдетеді. Себебі келесі жылы да осынша бала болады, олар қайда барады деген сұрақ тұр. Ал 320 орындық қосымша ғимарат бізге келетін балаларымыздың мәселесін шешеді деп ойлаймын.
Нысаналы мақсаты өзгертілген ғимаратта ауыл мектебінің аула клубы да орналасқан. 6-11 сынып оқушылары домбыра, бейнелеу, хореография үйірмелеріне аптасына 6 күн қатысып жүр. Айта кетейік, сауда орталығын білім беру кешеніне айналдырған кәсіпкер келер жылы қосымша ғимарат тұрғызуға ниетті.
Өсер Тлепов, Басқұдық ауылдық округінің әкімі:
— Өңірдегі кәсіпкерлер жекеменшік мектеп, балабақша болсын салып, осы ауылдық округке үлесін қосқысы келсе, өздерінің талапқа сай жобасын бізге ұсынса, келісіп жүзеге асыруға әрқашан дайынбыз.
Биыл сәуір айында 600 орындық білім ордасы қолданысқа беріледі. Алайда бұл мәселені 100 пайыз шешпейді.Сондықтан Басқұдық ауылдық округінің әкімдігі 1200 және 600 орындық екі мектептің жобалық-сметалық құжаттарын жасақтап, конкурсқа жіберген. Құрылысы таяу жылдары басталатын жобаның бірі «Жаңа қоныс», екіншісі «Алау» тұрғын үй массивінде жүзеге асады.