Аталған шеберлік сағаттары «Өмірлік таңдау» республикалық жобасының аясында өткізілген.
Мұғалімдер 8-10 сынып оқушылары мен ата-аналарына кәсіби бағытталған тренингтерді жүргізуді үйренді, сонымен қатар қажетті оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілді. Тренингтерге барлығы 50 мұғалім мен психолог мамандар қатысқан, олардың отызы аудандық мектептерден келген.
«Өмірлік таңдау» – бұл қазақстандық оқушыларды жұмысшы мамандықтармен таныстыруға бағытталған ауқымды жоба. Іс-шара аясында техникалық кәсіптерге деген құрметті ұялату, жастар арасында мамандық таңдаудың маңыздылығын кеңінен түсіндіру сынды мәселелердің шешімін табу көзделген.
Жоба 8, 9 және 10 сынып оқушыларына дұрыс мамандық таңдауды, кәсіби бағдар жұмыстарын үйретуді мақсат етеді. Қазіргі кезде жастар арасында жұмысшы мамандығын естісе, көздеріне кір-қожалақ болып, қолына күрек алған қара жұмысшы елестейді. Бұл әлбетте стереотип. Қазіргі уақытта жұмысшы мамандықтарға машина жасау автоматтандыру және басқару секілді, былайша айтқанда «таза жұмыстар» бар. Қазір техниканың дамыған заманы, бірақ елімізде сол технканы басқаратын адами ресурс жоқтың қасы. Сондықтан осы мәселені шешуді мектеп оқушыларынан бастауды жөн көрдік. Тренинг қорытындысы бойынша 250 педагогтың ішінен әр облыстан 1 педагог, яғни 5 үздік тренерді іріктеп алып, оларды Ресей Федерациясының үздік тренинг орталығында оқытатын болады, — дейді жобаның жетекші маманы Әждар Дәулет.
Айта кетейік, аталған жоба Павлодар мен Оңтүстік-Қазақстан облыстарында өз мәресіне жетті. Қазіргі уақытта Ақтау мен Орал қалаларында іске асуда. Жобаның үшінші кезеңі Астана қаласында өтетін форуммен қорытындыланбақ.
Жоба аясында оқушыларға қалаған маман иелерінің жұмыс барысымен танысу үшін аймақтық кәсіпорындарға экскурсия ұйымдастырылады. Оған қаланың іріктелген мектептерінің 300 оқушысы қатысады.
Аталған жобаны «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының қолдауымен «Пресс центр Азия» ҚҚ іске асырады.
Оқу жылының соңына дейін 40000 астам 8-10 сынып оқушылары мен 200 мұғалім қамтылуы жоспарланған. Сонымен қатар, аталған бағытта әлеуметтік зерттеу жұмыстары жүргізіледі.