Малымыз не болады, төліміз не болады?

01 сәуiр 2022, 11:53

Жамбыл облысындағы шаруа қожалық иелері әскери оқ-дәрілерді жоюға қарсы шықты. Өйткені жарылыс жасайтын полигон мал ұстайтын шаруалардың қора-қопсысына тым жақын орналасқан екен. Сондықтан әскери снарядтар жарылса, жарықшақтары мал түгілі, адамдарды жазым етуі мүмкін деп қауіптенеді. Оның үстіне қазір төрт түлік төлдеп жатыр. Сол себепті сақман аяқталғанша әскери қару-жарақтарды залалсыздандыру жұмысын кейінге шегеруді сұрап отыр.

Ал әскерилер Байзақтағы қару-жарақ қоймасынан шыққан оқ-дәрілердің көзін жоюға сақадай-сай отыр. Полигонда әр жерден терең шұңқырлар қазылып қойған. Ол жерде бүгін, ертең снарядтарды жару жұмысы басталмақ. Алайда шаруалар бұған үзілді-кесілді қарсы. Өйткені полигон қожалықтарға тым жақын орналасқан. Сондықтан жарылыс болған жағдайда мал түгілі адамдарға да зардабы тиюі мүмкін дейді.

Шаруа қожалығының иесі Сырым Базарбаев: «Алдында жарылыс болғанда қорқып, бала-шағамызды алып қашып, қорқып қалдық. Қазір жарылыс жасаса, тағы да жарықшақтары ұшады. Ол бала-шағаға тие ме деп қорқамыз. Бұл жерде малшыларымыз тұрады. Оның үстіне өзіміз де ат үстінде жүрміз», – дейді.

Әскери полигон аумағында 15 шақты қожалық бар. Тіпті бір қора-жай жарылыс болатын жерге тым жақын орналасқан. Былтыр оқ-дәрілерді жою кезінде кей малшыларды төрт түлігімен қоса, басқа жерге көшірген екен. Ал биыл қауіпсіз жерге ауыстыру тұрмақ, ескерту де айтылмады деп ашынады шаруалар.

«Малымыз не болады, төліміз не болады? Жарылыстан мынандай қалдықтар ұшады. Бір, бір жарым шақырымға дейін ұшады. Не көше алмаймыз. Күзді күні айтты, түсіндік. Екі ай құмда болып келдік, жарылыс тоқтағанша. Қазір не әскериден, не әкімдіктен ескерту болған жоқ», – деп шырқырайды шаруа қожалығының иесі Ғалымжан Акупов.

Ал шенеуніктер жарылыс жасау әскерилердің шешімі деп ақталды. Бірақ дер кезінде жақын маңдағы барлық шаруа қожалықтарға ескерту жасалды деп отыр. Тіпті халық шулаған соң Оңтүстік әскери қолбасшылығына шығып, осы мәселені шешуге тырысыпты. Сөйтіп оқ-дәрілерді жою жұмыстары бүгін, ертең басталмайды. Жарылыс кейінге шегеріліпті.

Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Ысмайыл: «Халықтың талап-тілегін біз жеткіздік. Біздің өтінішке сәйкес, бұл іс-шараны бір айға кейінге қалдырып отыр. Ол кезде сақман уақыты да аяқталып қалады. Жалпы құмды өңірге көшуге қиындықтар болмайды», – деп отыр.

Байзақ ауданындағы әскери қоймадан шығарылған жарылғыш заттардың бір бөлігі былтыр қазан айында жойылған. Ол кезде жару жұмыстары бір айға созылды. Талап бойынша күніне 400 келіден артық оқ-дәріні жоюға болмайды екен. Өйткені мөлшері көп болып кетсе, жақын маңдағы ауыл тұрғындарына қауіп төндіруі мүмкін. Естеріңізде болса, жарты жыл бұрын Байзақтағы әскери қоймада жарылыс болып, 17 адам көз жұмды. Бір әскери іс-түзсіз жоғалып, одан әлі күнге хабар жоқ. Ал оқыс оқиғаның себебі күні бүгінге дейін белгісіз.

Диас Нұрақын

25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді