Алматыда Балаларға шұғыл көмек көрсету орталығының дәрігері 38 магнит моншағын жұтып қойған 5 жасар баланың жағдайы туралы айтып берді.
Мамандардың айтуынша, баланың беті бері қарай бастаған. Ота жасалған соң 2-3 күн бала жансақтау бөлімінде жатты. Осы уақыт аралығында ішегіндегі жарақатқа байланысты қоректі тамыр арқылы алып келген. «Баланың жағдайы бірқалыпты жақсы. Ақырындап езілген тамақ іше бастады. Әлі 3-4 күн бөлімшеде жатады. Егер барлық талдаулары дұрыс болса, бала үйіне жіберіледі», — деді Орталықтың шұғыл хирургия бөлімінің меңгерушісі Ердан Меңдіғалиев. Аталған орталық дәрігерлері соңғы 5 жылда 15 баланың өмірін арашалап қалған. Дәрігерлер алматылық балалардың ішегінен түйреуіш, ине, тиын, сағат батареяларын, шеге, бұранды алып шыққан. «Бөгде заттардың көпшілігі ішек жолына барса, қалғаны өкпеге де кетіп қалады», — деді Е.Меңдіғалиев. Маман 10 жасқа толмаған баласы бар ата-аналарға өте мұқият болуды ескертті. «Қазіргі ұсақ ойыншықтар, тіпті Лего сияқты ұсақ ойыншықтар моториканы, баланың ұстап сезу қабілетін дамытады. Бірақ, оларды 10 жасқа дейінгі балаға бергенде өте мұқият болу керек», — деді дәрігер.
ҚазАқпарат хабарлағандай, өткен жұмада Алматыда 5 жасар бала ішегі түйнеп ауруханаға түскен болатын. Жедел ота барысында дәрігерлер оның ішегінен 37 магнит моншақтарын алып шыққан.