Шаруаларға дизель отынын бөлуде өңірлердің ерекшелігін ескеру керек. Мәжіліс депутаты Берік Оспанов осындай мәселе көтеріп, вице-премьер-ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевке сауал жолдады, деп хабарлайды jasqazaq.kz тілшісі.
Мәжілісменнің сөзінше, аграрларға жеңілдетілген бағамен берілетін сұйық отынды бөлудің кестесін қайта қарау керек. Себебі, бекітілген тәртіп бойынша дизель отыны наурыз айынан бастап таратылады. Алайда, ол шаруашалардың қолына мамыр айында жетеді. Осыған орай, депутат кестені өзгертіп, ақпан айынан бастап үлестіру жағын қарастыруды ұсынып отыр.
Жақында, Оңтүстік облыстарды аралап, халықпен кездескен депутаттарға сайлаушылардың көбі осы мәселені аманаттапты. «Көктемнің бір күні жылға азық» деп білетін күнгей беттегі тұрғындар осындай түйткілдің салдарынан дән себу жұмыстары кешеуілдеп, өнім көрсеткіші мен сапасына әсер ететінін айтып, алаңдап отырған көрінеді.
Депутат Берік Оспанов «Еліміздің дархан даласында оңтүстік пен солтүстік аймақтағы ауа райы әр түрлі. Табиғат жағдайына қарай өңірлерде далалық жұмыстарда әр түрлі уақытта басталады. Мәселен, Оңтүстік облыстарда көктем ерте шығып, шаруа жер қарайған бойда егістікке кіріседі. Алайда, белгіленген кесте бойынша берілетін дизель отыны өте кеш жетеді. Диқандар амал жоқ, уақытты ұту үшін үкіметтен келетін сұйық отынды күтіп отырмай, нарықтан қымбат бағамен жағармай сатып алуға мәжбүр. Айналып келгенде, мұның бәрі өнім көрсеткішіне, сапасына, тіпті нарықтағы тауар бағасына да әсер етеді», — дейді.