Жақында ғана Атыраудағы қонақ үйлердің бірінен жезөкшелерге «ерекше» жағдай жасап келген күзетші ұсталды. Желіге жедел тарап кеткен бейнежазбада күзетші жеңіл жүрісті қыздардың бірінен үш мың теңге көлемінде ақша алып жатқан жерінен құқық қорғаушылардың қолына түседі.
«Stop-трафик» жедел-профилактикалық шара кезінде анықталған оқиға бойынша Атырау облысы ішкі істер департаменті таратқан мәліметке қарағанда, күзетші қонақ үйге тұрақтаған мейманға екі бірдей жеңіл жүрісті қыздың «қызметін» ұсынған екен. Ресми жария болған мәліметтерге қарап, күзетшінің әлгі қыздарға тұрақты түрде клиент табумен айналысу арқылы, қалтасын «қосымша» толықтырып келгенін бағамдау қиын емес.
«Күдікке ілінген азамат 1975 жылы туған. Ол қаладағы күзет фирмаларының бірінде қызмет етеді. Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық Кодексінің 309 бап, 1 бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Және әкімшілік хаттама толтырылды» дейді Атырау облысы ішкі істер департаментінің баспасөз-хатшысы Назымгүл Қайсағалиева. Бейресми деректерде мол табысқа кенелу мақсатында жеңіл жүрісті қыздардың Атырауға алыс Шымкенттен ат арытып келгені айтылып жүр. Өкініштісі, таспаға түскен екі қыздың екеуі де қазақтың қызы…
Жалпы, бұл жаңалықты қоғам ана бір айтарлықтай дабыл қағатын деңгейде қабыл алды десек, қатты қателесеміз. Себебі, қоғам туған баласын әжетханаға тастап, мізбақпастан кете беретін қатыгез әйелдер туралы да, өз анасын өзі буындырып, емін-еркін сабаққа қатысатын желөкпелер жөнінде де талай естіп жүр. Және қандайма хабарға да етіміздің өліп кеткені сонша, жамандық атаулының барлығын қалыпты жағдай ретінде қабылдайтын күйге жеттік. Және бір парадокс сол, талай отбасының шаңырағын ортасына түсіріп, аты жаман аурулардың атомдық жылдамдықпен дамуына тікелей ықпал етіп отырған бүгінгі тақырып – жезөкшелерге қарсы қолданылатын елімізде бірде-бір қатаң заң жоқ. Олардың қызметін пайдаланушылар туралы тіптен айтпасақ та болады. Жезөкшелер осындай камераға түсірілетін шаралар кезінде қолға түседі, кейін оларды жеңгетайлары айыппұлын төлеп, шығарып алады. Сөйтіп, баяғы еті үйренген жұмысқа қайта салады. Болды.
Осыдан жеті жыл бұрын еліміздің ішкі істер министрлігі еліміздегі жезөкшелердің санын ресми түрде жариялады. Құқық қорғау мекемелерінің есебіне алынған жеңіл жүрістілердің саны сол кезде төрт мыңды құраған болатын. Сол мәлімдемеден кейін құзырлы органдар бұл тақырыпқа қайта оралған жоқ. Десе де, бейресми деректер, шет елдерден келетін «гастролерлерді» қоспағанда, Қазақстандағы жезөкшелер санының он мыңнан асатынын айтады. Көлеңке артындағы жағдайлар азғындық өз алдына, ВИЧ инфекциясын жұқтырған адамдар санының артуына да ықпал етіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мына бір мәліметінде, өткен жылдың бірінші жартысының өзінде елімізде аталған инфекциямен тіркелгендердің саны 1430-ды құраған. Және мамандар аурудың көбеюіне көп жағдайда көрінгенмен төсек қатынасына түсе кетудің себеп болып отырғанын алға тартуда.
Заң дейміз, басқа дейміз, біздіңше қоғамның бүгінде осынша деңгейге дейін құлдырауына сіз бен біздің, яғни, жеке өзіміздің босбелбеулігіміз тікелей кінәлі. «Қызға қырық үйден тыйым», «Әке тұрып, ұл сөйлегеннен без, ана тұрып, қыз сөйлегеннен без» деген мақалдарымыз әдірем қалған бүгінгі заманда ұл мен қызды үйдегі ата-ана емес, инстаграмм мен «ВКонтакте» тәрбиелейтін жағдайға жеттік. Әуретті жерлерін әр түрлі ракурста суретке бір, видеоға бір түсірумен уақытын өткізіп жүрген Байзақовалар мен Қалиевалар қазір біздің жастарымыз үшін белгілі бір деңгейде идеалға айналып барады. Осылай жалғаса берсе, желідегі ұятсыз видеоларына жинаған лайк санын анасына айтып мақтанатын қыздардың жаңа толқынының қалыптасып шыға келуі де ғажап емес. Ұлдан намыс, қыздан ұят кетіп бара жатқан шақта ұлт болып ойласатын жайттар да аз емес.
Мына бір грозныйлық шешеннің әңгімесі әр қазақтың көкейінде жүрсе ғой, шіркін… «Астана – Атырау» бағытындағы пойызда сапарлас болған шешен жігіті қыз тәрбиесі туралы көп айтты. «Шешен басқа ұлттан қыз алады. Бірақ, басқа ұлтқа қызын бермейді. Басқаға қызымызды берсек, қанымыз бұзылады. Басқадан қыз алсақ, шешеннің саны көбейеді. Біздің ұлтымыз ұлдың да, қыздың да тәрбиесіне қатты көңіл бөледі. Ұлдың қылмысын халықтың соты қарайды. Дала заңы қандай үкім кессе де, ешкім қарсы болмайды. Ал, бейәдеп әрекетімен көзге түскен қыз әкесіне иә ағасының қолына беріледі. Шешен ұлтының намысына күйе жаққан қыз өз туғандарының қолымен халық алдында жазаланады» деген еді шешен жолаушы. Біреу қолдар, біреу даттар, бірақ, ар соты деген институт біздің қоғамға бәрібір керек ақ…
Баян ЖАНҰЗАҚОВА