Қазақ жері қай жағынан алсақ та ауыл шаруашылығына қолайлы: суы мол, таулы, нулы аймақ. Алайда ауыл шаруашылығы саласында түйткілді мәселе көп. Мысалы, қазақтың қылшық жүнді қойының терісі де, жүні де кәдеге аспайды. Ал ішек-қарын, бас сирақты айтудың өзі ұят. Атакәсіпте ақсап тұрған мұндай олқылық аз емес. Дегенмен, сала мамандары әлемдік нарықтың сұранысына сай жұмыс істеп жатқандарын айтуда. Мәселен, өткен аптада шошқа мен жылқыға бөлінетін субсидия туралы даулы әңгіме тараған-ды. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қоғам талқысына түскен әңгімеге нүкте қойып, Jas azaq газетіне арнайы сұхбат берді.
Jas qazaq: Сапархан Кесікбайұлы, өткен апта қоғамда жылқы мен шошқаға мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы қызу талқыланды. Мәселені түсіндіріп, ақ-қарасын айтып берсеңіз. «Жылқыға субсидия бөлінбейді» деген шындыққа жанаса ма?
С.Омаров: Жалпы айтатын болсақ, елімізде жылқы шаруашылығымен айналысатын фермерлер мен отандық тауар өндірушілерге мемлекет тарапынан қолдау бұрыннан бар және бола береді. Сөзімнің дәлелі ретінде айтсам, бүгінде сатып алынған асыл тұқымды бір айғырға 100 мың теңге, азық дайындау мен сатып алу құнын арзандату үшін әр биеге 20 мың теңге субсидия төленеді. Бие сүтін өндіру және өңдеу құнын арзандату үшін литріне 60 теңге субсидия тағы да бар. Жылқы шаруашылығын қолдау мұнымен шектелмейді. Жылқы өсіріп отырған шаруаларға әртүрлі техника мен қондырғы сатып алса, жұмыс шығынының 25 пайызы өтеледі. Сондай-ақ несие және лизинг бойынша да пайыздық мөлшерлемені 10 пайызға субсидиялау қарастырылған. Мен атап өткен қолдау шараларының барлығы «жылқы өсіретін шаруашылық пен салалық қауымдастық» ұсынысының негізінде жасалуда. Былтырдың өзінде мемлекеттік қолдауды республика бойынша 4 648 шаруа қожалығы алды. Одан басқа, 2016 жылдан бері «Құлан» бағдарламасы бойынша 6 пайызбен 10 жыл мерзімге жылқы сатып алуға фермерлерге жеңілдетілген несие беріледі. 2018 жылы 512 шаруа қожалығы несие алып, 12 мың бас бие, былтыр 1440 шаруа қожалығы 41 мың бас бие сатып алған.
Jas qazaq: «Талпақ танауға» қомақты қаржы бөлінеді деген қаншалықты рас? Шошқа етіне Қытай, Ресей, Еуропадан сұраныс жоғары ма?
С.Омаров: Ең бірінші айта кететін болсам, елімізде 2018 жылдан бастап шошқа етін өндіруді субсидиялау тоқтатылды. Осылайша, субсидия көлемі 2 есеге қысқарды. Бірақ отандық шошқа етіне көрші мемлекеттерден сұраныс өте жоғары. Мәселен, АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйенсек, Қытай 2020 жылы 4 млн тонна шошқа етін импорттайды деп болжанған.
Осындай алпауыт нарықта сұраныс бар кезде, мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру, оның ішінде шошқа шаруашылығына да қолдау керек. Бүгінде республика бойынша өнімділікті молайту мақсатында селекциялық және шошқа тұқымын асылдандыру үшін субсидия беріледі. Себебі, елімізде асыл тұқымды шошқа жоқтың қасы. Мәселен, импортталған асыл тұқымды аналық шошқаны сатып алуға 140 мың теңге субсидия беріледі. Бұл субсидия көлемі мал басының нарықтағы бағасы негізінде қалыптасып отыр. Мысалы, асыл тұқымды шошқаның орташа бағасы 450 мың теңгеден асады. Өткен жылы еліміз бойынша бір ғана шаруашылық импортталған 6 бас үшін 840 мың теңге субсидия алды. Қабылданған шара есебінен шошқа басының саны (2019 жылға дейін шошқа басының төмендеу үрдісі белгіленді) және шошқа етін экспорттау көлемі артты. Егер 2017 жылы шошқа етінің экспорты 303,5 тоннаны құраса, 2019 жылы 794 тоннаны құрады, яғни өсім 2,6 есе артты деген сөз. Шошқа етін ішкі тұтыну үлесі 2017 жылмен салыстырғанда 8 пайызға төмендеді, ол 87 мың тоннаны құрады.
Jas qazaq: Ауыл шаруашылығы министрлігі 2016 жылдан бастап жылына 60 мың тонна ет экспорттаймыз деген еді. Бұл жоспардың орындалуы қалай?
С.Омаров: 2019 жылдың қорытындысы бойынша 64 мың тонна ет экспортталды. Оның ішінде 51 мың тоннасы – сиыр еті. Бұл ретте үкімет алдында фермерлерді несиелеу есебінен ірі қара малдың аналық басын өсіру арқылы – ет экспортын арттыру, аналық мал басын тұқымдық қайта құру есебінен – мал басының өнімділігін арттыру, өнеркәсіптік бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарына бұқа тапсыру арқылы – сиыр етін өндіру тізбегін дамыту міндеті тұр. Айта кету керек, негізгі екпін трансұлттық компанияларды тарта отырып, зәкірлік кооперацияны дамытуға жасалатын болады. Сонымен қатар, коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты төтенше жағдай режимін енгізумен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өткір болды. Сондықтан, министрліктің алдында ішкі нарықты азық-түлікпен толықтыру міндеті де бар. Осылайша, биыл сәуір айынан бастап шетелдерге мал шығаруға алты айлық тыйым салынды.
Jas qazaq: Орайы келгенде сұрай кетейік. Осы біздің елде қойдың жүні неге арзан? Тері мен ішек-қарын неге кәдеге жаратылмайды?
С.Омаров: Еліміз бойынша 12 кәсіпорын бар. Оның ішінде 4 кәсіпорынның биязы жүнді өңдеуге мүмкіндігі бар, қалған кәсіпорындар – кеңес дәуірінен сақталған, жаңғыртуды талап ететін жабдықтары мен технологиялары бар етік-қақтау фабрикалары. Олардың негізгі өнімдері пима, ұлтарақ, киіз шығару. Ал былғары шикізатын өңдеумен 10 кәсіпорын айналысады. Жылына 3 млн дана теріні өңдей алады. Біздегі кәсіпорындардың қуаты барлық ірі қара малдың терісін өңдеуге мүмкіншілігі еркін жетеді.Кәсіпорындар 1 келі жүнді 120-180 теңгеге сатып алса, оның мезгілдік бағасы 270 теңгеге дейін жетеді. Ірі жүннің орташа сатып алу бағасы 80-100 теңгеге дейін, биязы жүн 500-600 теңге шамасында. Елімізде биязы жүн ғана өңделеді. Қылшық жүнді өңдейтін заманауи технология жоқ. Ал импортталатын өнім қылшық жүннен жасалады. Мысалы: иірімжіп, мата және кілем бұйымдары қылшық жүннен өндіріледі.
Jas qazaq: Жүнді өңдеуге не кедергі сонда?
С.Омаров: Оған себеп болып отырған бірнеше фактор бар. Мысалы, қой ұсақ шаруа қожалықтарында шоғырланған. Айталық, жалпы қойдың 56 пайызы жеке шаруашылықтарға тиесілі болғандықтан, мал дәрігерлік талаптың орындалмауы, селекциялық жұмысқа тиісті назар аударылмауы, теріні механикалық жолмен сыпырудың жоқтығы, былғары шикізаты сапасының төмендеуіне әкеп соғады…
Jas qazaq: Зоотехник, ветеринар, агроном мамандығын алғандарға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүрмейді деген сөз бар. Осы қаншалықты рас?
С.Омаров: Негізі «Дипломмен ауылға» бағдарламасын үйлестіруші орган – білім және ғылым министрлігі мен ұлттық экономика министрлігі. Бұрынғы заң бойынша педагогика, медицина, ветеринария мамандықтары ғана «Дипломмен ауылға» бара алатын болса, қазір оған ауыл шаруашылығы мамандары қосылды. Бір реттік жәрдемақы мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішке дейін көтерілді.Бұл талап ауыл тұрғындарының арасында ветеринария және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуды аяқтаған жас түлектерге жұмыс табуға және өңірлерді кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Jas qazaq: Ауыл шаруашылығы саласында пайдаланылмай жатқан қандай мүмкіндіктер бар?
С.Омаров: Пайдаланылмай жатқан мүмкіндігіміз көп. Тұтастай алғанда, біздің елімізді әлемдік азық-түлік хабына айналдыруға болады. Ол үшін басты назарды – ет, сүт, жеміс-көкөніс, дәнді және майлы дақылдарды қайта өңдеу сияқты ірі экожүйелерді құруға, оны дамытуға бағыттау қажет. Сонымен қатар ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыру үшін техникалық және технологиялық тұрғыда қайта жарақтандыруға баса назар аудару қажет. Өсімдік шаруашылығында ең алдымен – сапалы тұқым, тыңайтқышты қолдану және заманауи техника сатып алу керек. Ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді арттыру мүмкіндігі бар. Ол тек тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары үшін ғана емес, қарапайым фермерлер мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін де кірісті арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы агроөнеркәсіптік кешенде қосылған құны неғұрлым жоғары өнімді экспорттау бағыттарынан кетуге мүмкіндік бар.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!
Жарас КЕМЕЛЖАН