Құлағы бетіне шығып кеткен Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, екі жастағы Нышанбекке Алматыда ота жасалатын болды. Ота сәуірге белгіленген. Бұл туралы Today.kz-ке сілтеме жасап jasqazaq.kz хабарлайды.
Алматылық мамандар баланы порталға қоюға өтініш берген.
«Порталға құжаттарды өткіздік. Дәрігерлер отаның сәуірге белгіленгенін айтты, әзірге күтеміз», – деді баланың әкесі Нұрбол Қондыбаев.
Екі жастағы Нышанбек туа бітті патологияға шалдыққан. Дәрігерлер оған «есту өткізгішінің атрезиясы» деген диагноз қойған. Баланың құлағы бетіне шығып, оның дұрыс тамақтанып, дамуына мүмкіндік бермей отыр. Баланың иммундық жүйесі де төмендеп барады.
Естеріңізге салайық, ақпанда Нышанбектің анасы қазақстандықтардан баласын емдетуге көмек сұрады. Әйгерім Әлибаеваның өтініші меценаттың құлағына жетіп, ол баланы Алматы қалалық № 5 ауруханасында емдетуге уәде берді.