«Жігіттер құдық түбіне қайтадан күбі салды. Ол бұл жолы орта бөксе боп қайтты. Өңі әлі көгістеу. Лай суға жапа-тармағай қолдарын салып, алақандарымен іліп алып, ауыз шайып көрісті. Әлі де топырақ татып тұр. Ащы-тұщысын ешкім жыға айыра алған жоқ».
Бұл жазушы Әбіш Кекілбайдың «Шыңырау» повесінен үзінді. Онда құдықшы Еңсептің өмірі мен сол кездегі Маңғыстаудың маңғаз даласына қажетті мамандықтың қыр-сыры баяндалады. Бай-бағландар бірінен-бірі асып құдық қаздыртады. Тіпті көшкен жерінде тіршілік нәрі болуы үшін құдықшы Еңсепті арнайы алдыртқан. Сол еңсептердің қазған шыңырауы әлі күнге дейін маңыздылығын жоғалтпаған сияқты. Тек Маңғыстау өңірі емес, сулы-нулы Жетісудың өзінде күні құдыққа қараған ауыл баршылық. Осы аптада редакциямызға Алматы облысы Қаратал ауданы Көпбірлік ауылының тұрғындары хабарласты. Олар «Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Бірақ ауыз су мәселесі шешілер емес» деп өз шағымын жеткізді. Айтуларына қарағанда, осыдан 5 жыл бұрын су ұңғымасы қазылып, оған қымбат қондырғы орнатылыпты. Ондағы мақсат – ауылға тұщы су тарту. Бастапқыда бәрі жақсы болғанымен, кейін тұщы су ащы суға айналыпты. Енді 2 мыңға жуық тұрғыны бар ауыл тіршілік нәрін жалғыз құдықтан алып отырған көрінеді.
Өзін Серік Сейітбаланов деп таныстырған ауыл азаматы 2013 жылы Көпбірлік ауылына орталықтандырылған су жүйесі жүргізілгенін айтады. Алайда біраз уақыттан кейін судың сапасы нашарлап, тұз тати бастаған. Бүгінде тіпті ішуге мүмкін болмаған соң, ауыл іргесіндегі құдықтан шелектеп су тасуға мәжбүр. Ал құбырмен тартылған суды тек монша, кір жуу сияқты күнделікті тұрмыстық тіршілікке пайдаланады. Серіктің айтуынша, оның өзіне бір текше метрі үшін 500 теңгеден төлейді екен. Телефон тұтқасын екінші ауыл тұрғыны алып, су құрамындағы тұз, тіпті темір шелектерді шірітіп, тесіп жібергенін айтты. Ал құбырдың бәрі жылдам тат басып, бітеліп қалады екен. Аты-жөнін айтудан бас тартқан ол сапасыз судың 100-115 метр тереңдіктен шығып жатқанын тілге тиек етті. Бастапқыда судың сапасы дұрыс болған деседі. Бірақ кейіннен нашарлап кетіпті. Осы сәтте әңгімемізге С.Сейітбаланов қайта қосылды: «Ішуге тіпті жарамсыз. Қыздарымыз шашымыздың түсуі жиілеп кетті деп жылап отыр. Ішпесек те күнделікті тіршілікке пайдаланамыз. Сол су үшін айына өз басым 6000-7000 теңге төлеймін. Бір жеке кәсіпкер сол жұмысты жүргізіп жатыр. Ай сайын ақшаны жинап алады. Бірақ ол сапасына жауап бермейді. Менің ойымша, бұл қондырғыда суды тазарту мембрана технологиясы арқылы жүзеге асырылады. Оны 3 жыл сайын жаңартып отыру керек. Бұл кімнің қаржысынан жасалады? Қазір ауылда екі мыңға жуық адам тұрады. Басым бөлігінің күні сол ауыл шетіндегі жалғыз құдыққа қарап отыр. Шелектеп су тасимыз», – дейді. Ауыл тұрғындарының жағдайын естіген соң, мәселенің ақ-қарасын білу үшін кезінде сол қымбат қондырғыны орнатқан кәсіпорынды тауып, басшысымен тілдестік. «Айко» ЖШС директоры Қоянбай Рақымов Көпбірлік тұрғындарының шағымы шындыққа жанаспайды деп отыр. Оның айтуынша, су тап-таза, ішуге жарамды. Талай рет сараптамадан да өткізіпті.Қ.Рақымов «Келісім бойынша біз қондырғының жұмысына екі жыл жауап беруіміз керек болатын. Өз міндетімізді орындадық. Кейбір ауыл тұрғындары 3 метр тереңдіктен шығатын құдық суын таза деп айтады. Ақылға сыймайтын нәрсе. 2-3 жыл бұрын сол құдықтың суын тексергенде құрамында фтор көп болған. Ауылдың әкімі де мәселені жақсы біледі. Шағым көп түскен соң, арнайы тексерістен өткізді. СЭС мамандары ішуге жарамды деп қорытынды шығарды. Менің ойымша, ауыл тұрғындары суды көп пайдаланбайды. Суды кішкене ағызып жіберсе,тап-таза болады. Ауылдың кейбір арызқой тұрғындары прокурорға дейін шағымданды. Осы күнге дейін қанша комиссия келді. Бірақ ондай ешнәрсе таппады», – деп өз назын жеткізді. Жергілікті жұрт жамандаған қондырғыға бүгінде жеке кәсіпкер Зәмзагүл Несіпбаева жауап береді.
Су үшін айма-ай жергілікті тұрғындардан ақша жинап алатын кәсіпкерге де хабарластық.
– Ауыл тұрғындары «су сапасыз» – дейді. Қондырғыны қойған кәсіпкер «су ішуге жарамды» деп отыр. Кімге сенеміз?
– «Ауыл тұрғындары суды құдықтан жаппай ішіп отыр» дегендері шындыққа жанаспайды. Ол құдыққа құбыр арқылы келетін суды «сап-сары» деп жүргендер баратын болса керек.
– Сонда құбыр арқылы келетін су сары ма?
– Жоқ. Кейде біраз уақыт су берілмей қалса, сарғыштау болып ағады. Кейін қайта қалпына келеді. Соны айтып жүрген болар.
– Құрамында адам денсаулығына зиянды нәрсе көп деп жатыр…
– Ол жағынан хабарым жоқ. Мен өзіміздің құдықты пайдаланамын.
– Сонда ол суды сіз де пайдаланбайтын болып тұрсыз ғой.
– Өз құдығымыз бар. Құбыр арқылы келетін суға ақша төлеу керек.
– Сонда құбыр арқылы тартылған судың 1 текше метрі қаншадан?
– 500 теңге.
– Қымбаттау емес пе?
– Қымбат болса да ақтамайды. Жалақымыз бар. 150 үй ары кетсе 1 тонна ғана пайдаланады. Жұмыс істейтін кісілердің жалақысы – 70 мың теңге. Менің жалақым – 20 мың теңге. Жарық үшін төлейміз. 500 теңгеден болған күннің өзінде айына тек 150 мың теңгеге жуық түседі.
– Жалпы 3-4 метр қазса, су шыға ма?
– Иә. Бірақ ол ащы су.
– Құбыр арқылы тартылған су тәтті бола ма?
– Иә.
Зәмзагүл Несіпбаева сөз соңында ауыл тұрғындарына су ақса да, су ақпаса да жақпайсың деп ойын түйіндеді. Жалпы бұл мәселе Қаратал ауданының әкімі Рауан Рақымбековтың ауыл тұрғындарына берген есебінде де көтерілген. «ҚазАқпарат» жазғандай, аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тасыбаев судың құрамында хлордың мөлшерден тыс көп екенін растапты. Біз де тұщы суға қатысты тұщымды жауап алу үшін әкімнің орынбасарына бір күн бойы хабарластық. Хатшы қыздан «Жәнібек Шоғалұлы орнында жоқ. Кейінірек хабарласыңыз» – деген жауапты естумен болдық. Содан кейін Үштөбе-Қаратал таза су мекемесінің директоры Амандос Қабаровпен байланысқа шықтық. Ол Көпбірліктің мәселесінен хабардар екенін жеткізді. Алайда Көпбірлік Үштөбе қаласынан 176 шақырым қашықтықта орналасқандықтан, аталған мекеменің ол ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуге күші жетпейді екен. Осы мақаланы жазып жатқанда сол Қаратал ауданында тағы бір ауыл ауыз су зардабын тартатынын естідік. Kaztrk.kz.сайты хабарлағандай, судан тарыққан Қарақұм ауылының тұрғындары қыста мұз арқалап, жаздың аптап ыстығында 60 шақырым жерден таза суды тасып ішуге мәжбүр. 100-ге жуық түтіні бар ауыл жарты ғасырдан астам уақыт қыс кезінде Балқаш көліне қатқан мұзды ерітіп ішуде. Басқа амал жоқ. Дегенмен өткен жылы жақсы жаңалықтың нышаны байқалған көрінеді. Елді мекенге құбыр тартылып, іс аяқсыз қалған. Биыл сол олқылықтың орны толтырылмақ. Облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Азамат Бейісбаев 2017 жылы 78 млн бөлініп толығымен игерілгенін айтады. Қалған 25 млн теңгенің тағдыры жуырда өтетін облыстық сессияда шешілмек. Қолдау тапқан жағдайда жұмыс толығымен аяқталады. Қолдау болмаса, қарақұмдықтар құбыр тұрмақ, құдық суына зәру боп қалады. Жалпы Еңсептің ерен кәсібі бүгінде керек-ақ.
Елдос Өмірзақ