Елімізде әлі де сусыз отырған халық бар. Мәселен Алматы облысында он алты мың адам бір ғана құдыққа қарап отыр. Оның өзінде таза, мөлдір су емес. Қалдыққа толы суды қайнатып қана тұтынатындардың басқа су алар жерлері жоқ. Өйткені жер асты суы толық тұзды екен.
Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Бірнеше жыл бұрын су сынамасын алған. Қорытындысы техникалық қалдық сулар деп шыққан. Суды қайнатпай ішуге болмайды.
Үйтастың он алты мыңға жуық тұрғынының таза су алатын жалғыз құдығы осы. Құдықтан гөрі жер астынан қазылған үңгірге көбірек ұқсайды. Бұл маңда жер астынан шыққан судың бәрі тұзды болғандықтан, нағыз су тапшылығы туындаған. Таза су сұрап тамақ жыртқан жұрттың айқайы бекер емес. Қолымызға ыдыс толтырып, саяжай ішін шаралап кеткен күндеріміз аз емес дейді жиналғандар. Ал қысты күні мына құдықты тазарту үшін тұрғындар күнде балта мен күрек ұстап жүретін болыпты.
ЖАНДАРБЕК ЖАНАСЫЛОВ, тұрғын:
– Ішетін суымыз міне осы жерден, мына Қаратал арнасынан келетін су. Қайнар дейміз. Ол қайнарға жатпайды. Жазда лай болып, биттеп, құрттап кетеді. Соны ішеміз. Қыста міне мұз.
МАНАТ ШАРИПОВА, тұрғын:
– Біз тұрғалы он бір жыл болды. Қазір төрт мың үй бар. Бұл жерге тіпті ит те кіреді бұтын көтереді.
Қариялардың күні тіпті қиын, суық жерге жатып су алу біз үшін мүмкін емес дейді. Тұрғындардың айтуынша, кір судың салдарынан құрт және ішек инфекциясына шалдыққан аурулардың саны көбеймесе, азаяр емес. Ал Үйтас саяжайының ақжағалылары жабулы қазан жабық күйінде қалсын деді ме, әйтеуір есіктерін құлыптап, тыныш қалуды жөн көрді.
ДАНИЯР ЖАНЫС, Талдықорған әкімдігінің баспасөз хатшысы:
– Саяжайдың кооперативіне тиесілі ол жерге біз екі жерден құдық қазып бергенбіз қала бойынша. Енді тұрғындар жарнасына кооператив жауап береді. Оған біздің ешқандай құзіретіміз жоқ.
Екі құдықтың қазылғаны рас дейді көпшілік. Тек біреуінің суы тым тұщы болғандықтан, тұтынуға жарамсыз екен. Ал Қаратал арнасынан келетін су лас. Өйткені өзенге кейбір зауыттар қалдықтарын құятындықтан, толықтай тазарту мүмкін емес екенін айтады. Сондықтан судың сынамасы бойынша техникалық қалдық су деп қорытынды жасалған көрінеді.