Қорғаныс өнеркәсібіне қолдау қажет

05 тамыз 2022, 10:35

Түрі – ұлттық, тілі – кеңестік әскер

Кеңестер Одағы кезінде түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік әдебиет деген ұғым болды. Осы қалыпқа салсақ, біздің армия түрі – ұлттық, мазмұны (дәлірек айтсақ, тілі) – кеңестік әскер болып шығады. Енді осыған дәлел келтіріп көрелік.
Біріншіден, біздегі әскери инфрақұрылым, қару-жарақ пен техниканың дені кеңестік дәуірден мұра болып қалған дүниелер.

Екіншіден, жоғары басшылық құрам – қорғаныс министрінен бастап, оның орынбасарлары, әскер тектері мен түрлері қолбасшыларының басым көпшілігі Ресей Федерациясы Бас штабының академиясын бітіргендер. Олардың көбі ана тілінде емін-еркін, көсіліп сөйлей алмайды.
Үшіншіден, бізде саптық әмірлер ғана қазақ тілінде беріледі. Ал қалған кезде барлық деңгейдегі түрлі оқу-жаттығулар, селекторлық жиындар, әскери алқалар түгел дерлік көрші мемлекеттің тілінде жүреді. Құжат айналымында мемлекеттік тіл калька-аударма ретінде негізгі емес, қосалқы рөл атқарады.

Жұрт жаңадан тағайындалған қорғаныс министрінен үміт етіп еді. Ол болса журналистерге қазақ тілінде жауап беруден жалтарып, «Патриот болу үшін мемлекеттік тілді білу міндет емес» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Тағайындалғанына алты ай өтер-өтпестен қазақстандықтар «ALASH online» платформасында (2022 жылғы 31 шілде) Қорғаныс министрі, генерал-полковник Р.Жақсылықовтың отставкаға кетуін талап етіп, петиция жариялады. Онда әскердегі тәртіп жоқтығы, сарбаз өлімінің өршіп тұрғаны, сол себепті ата-аналардың балаларын әскерге жібергісі келмейтіні жайлы жазылған. Бұл бастаманың немен аяқталарын уақыт көрсетеді, әрине. Әйтсе де, қазіргі заманның қағидасы – «Ел боламын десең… әскеріңді түзе» болып тұр. Біз мұны қауіп қылғасын айтамыз. Кез келген әскердің күш-қуаты халықта. Ал қорғаныс министріне халық сенбесе, онда қалай болғаны?..

Қазақстанның Қарулы Күштерінің қазіргі хал-ахуалын Қазақстан Генералдар кеңесінің төрағасы, генерал-майор Махмұт Телеғұсов «Закон.кз» (2022 жылғы 29 шілде) жариялаған сұхбатында дәл сипаттап берді. «Қазақстанның Қарулы Күштері бүкіл еліміз сияқты соңғы 20 жылда қазіргі әскери қақтығыстарға жауап беретін армияның жоспарлы дамуын, қайта жарақтануын, мемлекеттің қорғаныс қуатын іштен әлсіреткен жүйелі жемқорлықтың жойқын күшіне тап болды», – дейді ардагер.

2000-жылдардың басында еліміздің дамуына жаңа бағыт сілтеп, кейін қуғынға ұшыраған жас түркілер естеріңізде болар? Қарулы Күштердегі жас түркілердің бірі, жаңаша ойлайтын генерал, Бас штабтың бастығы Мәлік Сапаров еді. Әттең, оның ғұмыры қысқа болды, бар-жоғы 44 жасында көз жұмды. М.Сапаров Қазақстан Қарулы Күштерінің 2010 жылға дейінгі даму Жоспарын жасаған болатын. Онда армиямызды заманауи әскери техникамен, қару-жарақпен дәйекті түрде жабдықтау мәселесі де қарастырылған еді.

Сол жылдары НАТО стандарттарына бейімделіп, өтімділігі өте жоғары HUMMER ұрыс машиналары мен көп мақсаттағы «Хьюи» тікұшақтарын ала бастаған едік. Біздің Бас штаб Америка Құрама Штаттарындағыдай Бас штаб бастықтарының комитеті деп аталды. Бірақ бұл ұзаққа созылмады. Көп ұзамай, көрші елдің орбитасына қайта оралдық. Тағы да генерал Телеғұсовтың пікіріне жүгінейік: «Осылайша, Қазақстан армиясы дамуында тоқырауға ұшырап, 2005 жылдың басына қарай оның қолында өткен ғасырдың 60-90-жылдары шығарылған кеңестік қару-жарақ пен әскери техника көптеп жиналып қалды».

Жоғарыда біздегі әскери инфрақұрылым, қару-жарақ пен техниканың дені кеңестік дәуірден мұра болып қалған дүниелер дедік. Нақтылап айтсақ, тәуелсіздік алған тұста Қазақстанда Кеңестер Одағы қорғаныс өнеркәсібінің 50 кәсіпорны жұмыс істеп тұрды. Бұдан бөлек, ел аумағында Байқоңыр, Семей, Ембі, Сарышаған, Барсакелмес полигондарын қоса есептегенде 8 әскери-зерттеу кешендері болды. Бізде әскери-теңіз флотына, зымырандар жүйесіне, танкіге және басқа да атыс қаруларына арналған оқ-дәрі, қару-жарақтар шығарылып келді. Алайда бұрынғы экономикалық байланыстардың үзілуі, қаржы мен маман тапшылығынан олардың көбі өз жұмысын тоқтатты. Олардың бірқатары банкрот болып жарияланды немесе негізгі мамандықтарын өзгертіп, жекешелендіруге берілді. Қазіргі таңда қалған жиырмадан астам еншілес, тәуелді және бірлескен кәсіпорындардың басын «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы қосып отыр. Бұл компанияның да басынан дау арылған емес. 2017 жылы осы «Қазақстан инжиниринг» компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Қанат Сұлтанбеков ірі көлемде пара алып келгені үшін 10 жылға сотталған болатын. Кейін ол 2 миллиард теңгеден астам айыппұл төлеп бостандыққа шықты. Әйтсе де, ол басқа қылмысты іс бойынша әлі күнге іздеуде жүр. Тағы бір су жаңа мысал, биыл «Семей машина жасау зауыты» бас директорының орынбасары 7 жылға сотталды. Қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол танкілерге өте ескі қозғалтқыштарды орнатып, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау барысында 604 миллионнан астам теңгеге зиян келтірген.
2019 жылдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев есеп комитетінің басшысы Наталья Годунованы қабылдаған болатын. Сол кезде Годунова «Қазақстан инжиниринг» компаниясының қаржылық-шаруашылық жұмысындағы ретсіз шығындар, қарыз жүктемелерінің артуы, холдингтегі өндіріс жүйесінің әбден ескіргені жөнінде мәлімет берді. Мемлекет басшысы аудит қорытындысы бойынша жинақталған материалдарды өкілетті органдарға жолдауды, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарастыруды тапсырды. Бұл тапсырманың немен аяқталғаны бізге беймәлім.

Кеше – «Найза» мен «Айбат»,
бүгін – «Арлан» мен «Барыс»

Сәл кері шегініс жасасақ, 2009 жылы қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Қажымұрат Маермановтың ісі еске түседі. Аталған қылмыстық іс қорғаныс министрлігі шенеуніктерінің израильдік фирмалармен дүркіндеп ататын «Найза» зымыран жүйелерін сатып алу және «Семсер», «Айбат» артиллериялық жүйелерін жаңғырту бойынша бірқатар келісімшарттарды жасасу және жүзеге асыру кезіндегі әрекеттеріне қатысты тергелген болатын. Израильмен жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы сол кезде 190 миллион долларды құрады. Нәтижесінде Қ.Маерманов айыпты деп табылып, 11 жылға бас бостандығынан айрылған еді.

Артиллерия және ракета әскерлерінің мамандары мен ардагерлерінің айтуынша, негізі таңдап алынған бағыт дұрыс көрінеді. Себебі Қазақстан посткеңестік кеңістікте бірінші болып артиллериялық қарудың жеке үлгілерін емес, тұтас кешеніне қол жеткізді. Дүркіндеп ататын «Найза» зымыран жүйесінің құрамына ұшқышсыз ұшу аппараты, метеостанса, заманауи оптикалық-электрондық барлау және нысананы белгілеу құрылғылары, көліктердегі 4 командалық пункт кіретін. Сарышаған полигонындағы сынақтарға куә болған артиллерия маманы, Қазақстан Республикасы Әскери ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, әскери ғылымдардың кандидаты, запастағы полковник Әлібек Мұқышов: «Әрине, кез келген жаңа бұйымның кемшіліктері, олқы тұстары болады. Алайда аталған жүйелердің сол тұстағы озық техника екені даусыз еді. Егер біз қолдағы бар дүниені жетілдіріп, сол бағытта дами бергенде, қазір басқа елдерден 10-15 жылға алға кетіп қалған болар едік», – дейді. Абақтыдан шыққаннан кейін берген алғашқы сұхбатында Қ.Маерманов бізден кейін Израильден осы тектес қару-жарақтарды Әзірбайжанның сатып алғанын және олар Таулы Қарабақ қақтығысында өздерінің тиімділігін көрсеткенін айтады. Ең бастысы, өзі түрмеде отырған кезде сол зымыран жүйелерін еліміздегі әскери парадта және халықаралық KADEX қару-жарақ көрмесінде отандық қорғаныс өнеркәсібінің жетістігі ретінде мақтанышпен паш етілгенін теледидардан көреді!

Қазақстандағы қару-жарақ, әскери техника мен оқ-дәріге қатысты атышулы қылмыстық істер, дау-жанжалдар, апаттар ешбір толастаған емес. Ең әуелі Тоқыраудағы, кейін Арыс пен Байзақтағы алапат жарылыстарды еске алсақ та жеткілікті. Бұл жерде бәрі адам факторына келіп тіреледі, ол жауапсыздық, салақтық, жемқорлық, тіпті диверсия болуы да әбден мүмкін. Алайда сол кездегі еліміздің қорғаныс министрі Н.Ермекбаев мұны күннің қатты ысуынан болған табиғи апат деген еді. Күлесің бе, жылайсың ба?..

Қазір қорғаныс министрлігі мен бронды жауынгерлік машиналарды шығаратын зауыт арасында дау-дамай жүріп жатыр. «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» зауыты елімізде жеті жылдан бері 4х4, 6х6 және 8х8 дөңгелекті формуласындағы «Арлан», «Алан», «Номад», «Барыс» сияқты отандық өнімді шығарып келеді. Ол – Орталық Азиядағы заманауи броньды дөңгелекті машина жасайтын ең ірі кәсіпорын. Мұнда жұмыстың толық циклы жүзеге асырылып, машина жасауда 70 пайыздан астам жергілікті өнімдер пайдаланылады.

2022 жылғы 10 наурызда осы зауытты аралап шыққан Мемлекет басшысы аталған саланы дамытудың перспективті бағыттарын айқындап берді. Сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдау қажет екенін атап өтіп, шығаратын өнімдерді техникалық тұрғыдан заман талабына сай жаңартуға шақырды.

Ал бұл кезде Қорғаныс өнеркәсібінің қауымдастығы аталған зауыттың жағдайы туралы былай деп шырылдап отыр: «Қорғаныс министрлігі ұзақ уақыт бойы отандық техникаға тапсырысты әдейі қысқартып, сонымен бірге соған ұқсас өнімді шетелден жеткізушілердің мүдделерін тікелей қорғауда. Зауыт күнін әзер көріп, жабылу алдында тұр. Дегенмен армиямыздың біздегі заманауи технологияға мұқтаж екені даусыз». Қорғаныс министрлігі болса зауыт өнімдерінің сапасы нашар дегенді айтады. Бұл даудың немен аяқталарын уақыт көрсете жатар. Біздің айтпағымыз, қолда бар дүниенің қадірін білген дұрыс. Сырттан дайын техниканы сатып алу сол елге барлық жағынан тәуелді болу деген сөз…

Армения мен Әзірбайжан арасындағы Таулы Қарабақ үшін соғыс, Украинадағы ұрыс қимылдары кеңестік әскери техника мен қару-жарақтың келмеске кеткенін көрсетті. Қазір кімде озық технология мен дәлдігі жоғары жойқын қару болса, жеңіске сол жетпек. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай, қолда барды ұқсатып, отандық қорғаныс өнеркәсібіне жан-жақты қолдау қажет. Әйтпесе, әскеріміздің ертеңі екіталай болмақ.

Абзал Ибрагим

26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады