Еліміздегі қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін кәсіпорындар шикізаттың жетіспеушілігінен жабылу алдында тұр. Себебі макулатураның барлығы Өзбекстан, Қырғызстан мен Ресей нарығына кетіп жатыр. Осылай деп дабыл қаққан бизнес өкілдері үкіметтен мемлекетаралық деңгейде сыртқы сауда саясатын қайта қарауды сұрап отыр. Бұл туралы 31 телеарна хабарлады.
2016 жылы Қазақстанда қағаз қалдықтарын шетелге шығаруға алты айға тыйым салынған болатын. Соның арқасында қағаз өндірісі 34 пайызға дамып, жаңа жұмыс орындары ашылған еді. Алайда тыйым уақыты өткен соң, шекара ашылып, макулатура көрші елдің нарығына кете бастады. Сол себепті енді шикізатты қайта өңдеп шығатын отандық зауыттар банкротқа ұшырайын деп тұр.
ТАЛҒАТ ӘЖІБЕКОВ, картон және қағаз шығару зауытының департамент директоры:
– Қазіргі таңда біздің мекемеде қалған шикізат 14-15 сағатқа жететін шикізат қалды. Егер шикізаттың сұрағы шешілмесе, зауыт тоқтау қаупі бар. Зауытты тоқтатсақ, бүкіл зауытта істейтін 600-ден астам адам жұмыссыз қалайын деп тұр.
Мұндай қиын кезеңді Қазақстандағы өзге өндіріс ошақтары да бастан кешіруде. Шикізатқа жарымай қалған кәсіпорындардың бар үміті енді үкіметте.
ЕРЖАН ӘЛМҰХАМЕДОВ, қағаз өндірісі кәсіпорнының шикізат жинау департаментінің директоры:
– Бұл мәселені шешу үшін бірінші кезекте шикізаттың шетелге шығарылуына тыйым салу керек. Содан кейін қоқысты сұрыптап жинау жүйесін енгізу керек. Сонда қайта өңделуі қажет қалдықтар қоқыс полигонына көміле салмайды. Қоқыстарды бөлек-бөлек жинайтын болсақ, 3-4 жылдан кейін шекараны ашсақ та біз өз-өзімізді шикізатпен қамтамасыз ете аламыз.
Қазақстан қаптаушылар одағы бұл мәселені көтеріп, Инвестиция және даму министрлігіне жүгінген екен. Алайда шикізатты шетелге шығаруға тыйымды мемлекетаралық комиссия шығаруы тиіс екен. Ал мұндай тыйымды өз нарығын қорғау үшін өзге мемлекеттер кеңінен қолданады.